Базарлар ашық әрі цифрлық форматта жұмыс істеуі қажет - Сауда комитеті
Сауда және интеграция министрлігі Премьер-министрдің тапсырмасын орындау барысында елдегі базарларда өнім өндірмейтін делдалдарды қысқартуға кірісті. Басты назар бағаның негізсіз өсуіне әсер ететін факторларды жоюға және ашық тауар өткізу тізбегін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда комитетіне сілтеме жасап.
16 сәуірде министрлікке қарасты Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Түркістан қаласында Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының базар иелері және сауда нысандары әкімшіліктерінің қатысуымен кеңес өткізді.
Ішкі сауда қағидасын жетілдіру аясында заңнамалық деңгейде бөлшек сауда жүзеге асырушылар мен көтерме жеткізушілердің аражігі ажыратылды. Осылайша сатып алу-сату үдерісіне қатысушылардың құрамы жүйеленіп, қосылған құн қалыптастырмайтын, бірақ жеткізу тізбегіндегі соңғы бағаға әсер ететін өнім өнідрімейтін делдалдардың қатысуы шектелді.
Комитет төрағасы базар иелерінің заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударды. Негізгі талаптың бірі – ақпараттық жүйені міндетті түрде қолданып қызмет жүргізу, онда сатушылармен жасалған барлық шартты, жалдау төлемі және сауда шарттары тіркелуі тиіс. Ашық цифрлық есептің болмауы нақты айналымның бұрмалануына, бейресми есеп айырысуға және өнімсіз делдалдардың пайда болуына жағдай жасайды. Осыған байланысты бақылау шарасы ең алдымен ақпараттық жүйелерді қолданбайтын субъектілерге бағытталады.
Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, елімізде базарлар қызметіне, әсіресе көтерме сауда сегментінде кешенді жұмыс басталды. Бұл жұмысқа Мемлекеттік кірістер органдары, ішкі істер органдары, антимонополиялық орган және жергілікті атқарушы органдар тартылған. Оны Сауда министрлігі үйлестіреді. Салықтық әкімшілендіру құралдары, оның ішінде сауда қызметіне хронометраж жүргізу тетігі күшейтіліп жатыр, бұл нақты айналым мен декларацияланған көрсеткіштерді салыстырып, көлеңкелі айналым белгілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарады. Ақпараттық жүйелерді міндетті түрде қолдану талаптары орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік ретінде айыппұл салу көзделген, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен неғұрлым қатаң шара қабылданып, мәселе сот тәртібімен қаралуы мүмкін.
«Базар – бұл жасырын схемаларға орын емес. Әрбір қатысушы заң аясында жұмыс істеуі тиіс. Кез келген сауда қызметі ашық әрі цифрлық форматта жүргізілуі қажет. Ақпараттық жүйелерден тыс жұмыс істеу – жасырын экономика мен баға бұрмалаушылықтарының тікелей тәуекелі. Егер нарық қатысушылары белгіленген талаптарға сай жұмыс істеуге дайын болмаса, мемлекет барлық заңды тетіктерді дәйекті түрде қолданады», – деп атап өтті Сауда комитетінің төрағасы.
Әр өңірде облыс әкімдерінің орынбасарлары төрағалық ететін өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. Олар тауар өткізу тізбектерін талдап, өнімсіз делдалдарды анықтап, оларды тізбектен шығару бойынша шешім қабылдайды. Сонымен қатар кейбір өңірлерде бұл жұмыс формалды сипатта жүргізілетіні және нәтижелі жұмыс жүргізілмей отырғаны айтылды.