«Бәйтерек» холдингінің 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді

Бүгін, 14:08
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Бәйтерек» холдингінің 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін қаржыландыру тарту, шикізаттық емес экспортты дамыту, сондай-ақ экономиканың нақты секторын мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының экономиканы қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Директорлар кеңесі Холдингтің ресурстық базасын кеңейтуге және басым салаларды қолдауды арттыруға бағытталған бірқатар шешім қабылдады. 

Отандық экспорттаушыларды қолдауға баса назар аударылды. Директорлар кеңесі «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның Қазақстан Республикасының 250 млрд теңге мөлшеріндегі мемлекеттік кепілдігін 10 жыл мерзімге алу үшін өзара байланысты мәмілелер жасауын мақұлдады. Бұл шешімді жүзеге асыру агенттіктің сақтандыру және кепілдік беру әлеуетін арттыруға, шикізаттық емес экспортты қолдау құралдарын кеңейтуге және бизнестің экспорттық қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2026 жылдың қорытындысы бойынша Агенттіктің сақтандыру және кепілдік міндеттемелер портфелі 1,2 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде. 

«Бәйтерек» холдингін орнықты дамыту жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжат «жасыл» және тұрақты қаржыландыру құралдарын жетілдіруді, төмен көміртекті өсуге ықпал ететін жобаларды қолдауды, ESG-тәуекелдерді басқару тиімділігін, корпоративтік басқарудың ашықтығы мен сапасын арттыруды көздейді. Басымдықтардың қатарында әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру, кадр саясатын жетілдіру және үздік халықаралық ESG-тәжірибелерді енгізу де бар. Қазіргі уақытта холдинг БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатының 15-ін ескереді және тиісті принциптерді компаниялар тобының жұмысына дәйекті түрде біріктіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Sustainable Fitch халықаралық рейтингтік агенттігі холдингтің тұрақты даму саласындағы үздік әлемдік стандарттарға сәйкестігін растай отырып, холдингтің ESG-рейтингін «3» деңгейінен «2» деңгейіне дейін көтерді.

Отырыс қорытындысында Тәуекелдер бойынша шоғырландырылған есеп, Ішкі аудит қызметінің есебі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің 2026 жылғы I тоқсандағы есебі бекітілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd компаниясы директорлар кеңесінің отырысын өткізді.