Автожолдар жаңғыруда: өңірлер арасындағы қатынас қалай өзгереді
Биыл елімізде жалпы ұзындығы 11 мың шақырымнан асатын автожолдарда құрылыс, реконструкция және жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Оның шамамен 3,4 мың шақырымы жаңа құрылыс пен толық қайта жаңарту жобаларына тиесілі.
Ең маңызды жобалардың бірі – «Орталық – Батыс» автожолы. Ұзындығы 896 шақырым болатын бұл бағыт астананы батыс өңірлермен тікелей байланыстырып, Транскаспий дәлізіне шығуға мүмкіндік береді. Жоба аясында ондаған көпір, жол өткелдері, көлік қиылыстары мен инфрақұрылымдық нысандар салынбақ.
Ірі жобалардың қатарында «Бейнеу – Сексеуіл» автожолы да бар. Оның ұзындығы 559 шақырымды құрайды. Бұл бағыт қазіргі маршрутпен салыстырғанда жолды 900 шақырымнан астамға қысқартып, өңірлер арасындағы қатынасты жеңілдетеді.
Сондай-ақ ұзындығы 572,6 шақырым болатын Жезқазған – Қарағанды жолы салынады. Жоба көпірлерді, жол өткелдерін, көлік тораптарын және демалыс алаңдарын қамтиды.
Ақтөбе – Ұлғайсын бағыты төрт жолақты автожолға айналады. Ұзындығы шамамен 233 шақырым болатын бұл жобада заманауи инфрақұрылыммен қатар зияткерлік көлік жүйесі енгізіліп, талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады.
Атырау – Доссор автожолы да қайта жаңартылып, жаңа көпірлер мен өткелдер, демалыс орындары және қауіпсіздік элементтері салынады.
Сонымен қатар, елді мекендерді айналып өтетін жолдардың құрылысы жалғасуда.
Мысалы, Сарыағаш қаласын айналып өтетін 102,6 шақырымдық жолда көптеген көпірлер, автобус аялдамалары және жаяу жүргіншілер өткелдері қарастырылған. Ал Қызылорда қаласының айналма жолы шамамен 26 шақырымды құрайды.
«Жалпы алғанда, бұл жобалар жол қашықтығын қысқартуға, қалалардағы көлік жүктемесін азайтуға және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді», - делінеді хабарламада.
Еске салайық, Көлік министрлігі транзиттік дәліздерді дамытуға ерекше назар аудармақ екенін хабарлағанбыз.