Асхат Аймағамбетов: Президент әлеуметтік процестерді терең түсінетінін көрсетті

5 қаңтар, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Асхат Аймағамбетов: Президент әлеуметтік процестерді терең түсінетінін көрсетті
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметінен

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәжіліс депутаты сұхбаттан бірнеше іргелі тұжырымды айқындағанын атап өтті.

«Питер Друкердің «Менеджмент – істі дұрыс істеу, ал көшбасшылық – дұрыс істі тындыру» деген сөзі бар. Бұл сұхбатта Президент дәл осы көшбасшылықты көрсетіп отыр.

Саясаткерлер «лайк» қуып, сайлаушының көңіліне қарап жалтақтайтын жаһандық популизм дәуірінде ол «дұрыс істі істеу» (Doing the right thing) жолын таңдауда. Тіпті ол шешімдер уақытша қолайсыз көрінсе де. Ол «мемлекет маған қарыз, бәрін мемлекет шешуі тиіс» деген инфантильді көзқарасты емес, жауапты серіктестік моделін ұсынуда.

Мемлекеттегі ахуалға қатысты Президент артық пессимизмге де, даңғаза оптимизмге де ұрынбай, байсалды әрі шынайы көзқарас білдірді.

Метафорамен айтсақ, біздің экономика сырттай зәулім сарайға ұқсайды (ІЖӨ өсіп жатыр, көрсеткіштер жақсы), бірақ ішкі инженерлік жүйелері күрделі жөндеуді қажет ететін үй секілді.

Президент әдемі қасбеттің ар жағындағы проблемаларды ашық айтуға дайын басшы ретінде көрінді: инфляцияны тежеу, логистиканы дамыту, жүйелік реформалар – мұның бәрі сол «үйдің» құламай, берік тұруы үшін қажет», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол «Анти-Гэтсби» көзқарасына қатысты да тоқталып өтті.

«Сұхбаттың ең терең қабаты – құндылықтар мәселесі. Модернизация – Батыстың институттары мен идеяларын механикалық көшіру емес. Бұл – заманауи құндылықтарды өз мәдени кодымызға сіңіру үдерісі.

Президент әлеуметтік процестерді терең түсінетінін көрсетті. Батыстың серпілісі кездейсоқ пайда болған жоқ – оны еңбек этикасы мен қарапайымдылықты дәріптеген Реформация, білім мен ғылымды культке айналдырған Ағартушылық, жеке меншік пен құқық үстемдігін орнықтырған жүйе қалыптастырды. Шығыстың да өз жолы бар: конфуцийлік этика, тәртіп, меритократия, білім культі және қоғам алдындағы жауапкершілік.

Біздің модернизация – солардың соқыр көшірмесі емес, заң, білім, технология, еңбекқорлық пен этиканы ұлттық болмысымызға үйлестіру. Президент «даңғойлық» пен ренталық өмір салтына қарсы, Еңбек пен Білім культін ұсынады. Бұл – «көрінуге» емес, «болуға» үндейтін философия.

Жалған мүгедектер мен «аграрлық олигархтар» туралы айтылған ойлар да өте маңызды. Президент тек шенеуніктерді ғана емес, мемлекетті алдауға дағдыланғандарды да сынға алды. Бұл – «билік үнемі кінәлі, ал қарапайым адам әрдайым мінсіз» деген жалған шаблоннан бас тарту.

Нағыз әлеуметтік әділеттілік – көмекті схемамен иеленетіндерге емес, шынымен мұқтаж жандарға беру», - деді депутат.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, 2026 жылды Жасанды интеллект жылы деп жариялау – елді «орташа табыс тұзағынан» және шикізатқа тәуелділіктен шығаруға бағытталған маңызды қадам.

«Президент NVIDIA басшысының «көк жейделілер» туралы сөзін бекерге келтірген жоқ: болашақта код пен құралдың, жұмысшы мамандардың маңызы тең болатынын жақсы түсінеді. Жұмысшы мамандықтарына басымдық беру, жаңа марапаттар, Жұмысшы мамандықтар жылы – бәрі бір жүйелі стратегияның бөлігі.

Сталин мен Троцкий мысалы – сәттік конъюнктураға жасалған ащы ишара. Президент «лайк» пен трендтің тарихта қалмайтынын жақсы түсінеді. Тарих шуды емес, нәтижені сақтайды. Бұл дискурстың құбылмалылығын түсінуін және тарихи ойлаудың маңыздылығын көрсетеді.

Заң мен тәртіп, тазалық (соның ішінде ментальді гигиена мен рухани даму), ағартушылық – бұл кейін ел дамуына қуатты серпін беру үшін қысылып тұрған серіппе іспетті.
Модернизацияның дайын рецепті жоқ, әр ұлттың өз бағыты, өз жолы бар. Бұл сұхбат бізге сол картаны түсінуге жақсы мүмкіндік береді. Бұл – ересек адамдарға арналған «ересек мемлекеттің» ұстанымы. Ал ересектерде, құр ғажайыпқа сенудің орнына жоспар және оны жүзеге асыратын ерік-жігер болады», - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.