Астана әкімі: Шағын және орта бизнес қаладағы жұмыс орындарының 70%-ын қамтамасыз етіп отыр
Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп тұр. Жыл басынан бері қысқамерзімді экономикалық индикатор 118,6% құрады. Бұл жалпы, мемлекет бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы ОКҚ алаңында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның мәліметінше, тартылған инвестиция көлемі 2,1 трлн теңгеге жетті. Өсім – 23,6%, оның ішінде 66% – жеке инвестициялар.
«Шағын және орта бизнес қала экономикасының негізі болды. ШОБ жұмыс орындарының 70% қамтамасыз етіп отыр. Биыл 73 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Жұмыссыздық деңгейі – 4,3%. Сондай-ақ 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл ел бойынша берілген тұрғын үй көлемінің ¼. Жыл соңына дейін 5 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылады», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.
Бұған дейін Жеңіс Қасымбек Астанада қалдықтарды шығарудың цифрлық мониторингтік жүйесі енгізілгенін айтқан еді.