Астаналық ХҚКО бөлімшесінде цифрлық сауаттылықты тегін үйренуге болады

Астаналық ХҚКО бөлімшесінде цифрлық сауаттылықты тегін үйренуге болады
Фото: Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы

Астанада ХҚКО бөлімшесінде цифрлық сауаттылыққа арналған тегін оқу басталды. Енді бөлімшеде тек құжат рәсімдеп қана қоймай, мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде өз бетінше алуды үйренуге болады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.

«Оқытуда мамандар практикалық форматта eGov.kz порталымен, «ХҚКО» және eGov Mobile мобильді қосымшаларымен, сондай-ақ мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасымен қалай жұмыс істеу керектігін кезең-кезеңімен көрсетеді», делінген хабарламада.

Оқыту пилоттық жоба аясында ұйымдастырылып, тұрғындарға күнделікті өмірде цифрлық сервистерді сенімді қолдануға көмектеседі.

Сабақ апта сайын сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00 – 12:00 арасында өткізіледі. Қатысу тегін. «Нұра» ауданындағы ХҚКО бөлімшесі Керей мен Жәнібек хандар көшесіндегі 4-үйде орналасқан.