Астананың базарында газ баллоны жарылып, үш адам зардап шекті
Астананың Байқоңыр ауданында орналасқан базар аумағындағы екі қабатты әкімшілік ғимаратта газ-ауа қоспасының жарылысы болып, үш адам зардап шекті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Ш. Жиенқұлова көшесінде орналасқан ғимаратта көлемі 50 литрлік композиттік газ баллонының герметикалығы бұзылуы салдарынан болған.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жетті. Барлау жұмыстары барысында құтқарушылар үш зардап шеккен адамды анықтап, оларды медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізді.
Белгілі болғандай, жарылыс ғимараттың бірінші қабатында орналасқан тандыр самса дайындайтын бөлмеде болған. Соның салдарынан төбе жабындысының бір бөлігі мен есік ойығы опырылған.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Еске салсақ, Астанада төрт қабатты ғимараттан өрт шыққан болатын.