Астанадағы №102 мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған орта

Астанадағы №102 мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған орта
Фото: 102 мектеп

Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елімізде білім берудің жаңа үлгісін ұсынатын заманауи мектептер кезең-кезеңімен іске қосылып келеді. Солардың бірі – елордадағы №102 жалпы білім беретін жайлы мектеп. Elordainfo.kz  тілшісі аталмыш оқу орнына барып, мектептің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Білім ордасы 2024 жылдың 1 қыркүйегінде алғашқы оқушыларды қабылдап, жаңа форматтағы мектеп ретінде өз жұмысын бастады.

Мектеп директоры Эльмира Сұлтанованың айтуынша, «Келешек мектебінің» басты мақсаты – педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған қолайлы орта қалыптастыру. Мұнда мұғалімдерге сапалы білім берумен қатар, үздіксіз дамуға, жаңашыл тәсілдерді қолдануға және шығармашылық тұрғыда еркін жұмыс істеуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Заманауи инфрақұрылым, цифрлық технологиялармен әдістемелік қолдау ұстаздың кәсіби шеберлігін жетілдіруге ықпал етеді. Ал оқушылар үшін құрылған ашық әрі жайлы білім беру кеңістігі олардың сыни ойлауын дамытуға, сабаққа белсенді қатысуына және өз ойын еркін жеткізуіне жол ашады.

Біз сөзге тартқан қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Мейрамкүл Сәттібаева мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталғанын, кәсіби қолдау жасалып, ұстаздардың еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, білім ордасында педагогтің еңбегі бағаланып, дамуына барлық жағдай жасалған. Осындай ортада білім беру үдерісі тек пән меңгерумен шектелмей, оқушының тұлғалық дамуына бағытталған жүйелі жұмысқа айналады.

Ал мектеп директоры Эльмира Әлімханқызының айтуынша, ашылғанына екі жыл толмаған №102 мектеп осы ауданға жақын тұстағы оқушы саны көп білім ошақтарының жүктемесін азайтуға септігін тигізген.

«Статистика бойынша, мектебімізге келген оқушыларның 50 пайызы бұған дейін жекеменшік мектептерде білім алып жүрген. Бұл отбасылардың экономикалық жағдайына оң әсер етті. Шәкірттеріміздің қалған бөлігі мемлекеттік мектептерден: 30 пайызы №72 мектеп-лицейінен, ал 20 пайызы №92, №73, №84 мектептерден ауысып келді. Негізінен мектепке бекітілген шағын аудан балалары оқиды. Соған қарамастан оқушыларның дені Сарайшық және Алматы аудандарынан келеді», - дейді мектеп директоры.

Эльмира Әлімханқызы мектепте үш деңгейде бастауыш, негізгі, орта білім берілетіне назар аударып, жоғарғы сынып оқушылары қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарда жұмыс істейтініне тоқталды.

«Біздің басты фокусымыз — мәдени құзыреттілік, өнер, спорт және IT. STEM және IT бағыттары негізгі оқу жоспарынан бөлек, арнайы үйірмелер мен таңдау курстары арқылы тереңдетіліп оқытылады», - дейді ол.

Білім ошағында шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздардың біліктілік деңгейі жоғары. Қазіргі таңда мектепте 117 педагог қызмет етеді. Олардың екеуі педагог-шебер, 27-сі магистр, 25-і зерттеуші, 30-ы сарапшы және қалған 12-сі модератор. Арасында қалалық және республикалық «Үздік авторлық бағдарлама», «Жыл мұғалімі» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар.

«Мектебіміздің педагогтері кәсіби шеберлігін арттыру бағытында жүйелі түрде қалалық, аймақтық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларға белсене қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, «Астана дарыны» дарынды балалармен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», «Педагогикалық идеялар панорамасы», «Келешек мектеп, жылы көңіл, жаңа мүмкіндіктер», «Үздік авторлық бағдарлама» сынды беделді конкурстарда ұстаздарымыз жүлделі орындар иеленіп, сертификаттар мен грамоталармен марапатталды», - дейді Эльмира Әлімханқызы.

Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК ұйымдастырған STEM олимпиадасында, республикалық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасында, жас мамандарға арналған кәсіби байқауларда және шығармашылық бағыттағы қалалық сайыстарда да мектеп ұстаздары білімі мен тәжірибесін жоғары деңгейде көрсете білді.

«Бұл жетістіктер – ұстаздардың үздіксіз ізденісінің, жаңашыл педагогикалық идеяларды тиімді қолдануының және кәсіби жауапкершілігінің нәтижесі. Мұғалім жетістігі – сапалы білім мен мектеп беделінің берік негізі екенінің жарқын дәлелі», - дейді мектеп директоры.

Ашылғанына аз уақыт өтсе де, №102 мектеп оқушылары қалалық олимпиадалар мен спорттық жарыстарда (футбол, шахмат, тоғызқұмалақ) жүлделі орындарды иеленіп үлгерді.

«Біздің мақсатымыз – мектепті халықаралық деңгейдегі сапалы білім орталығына айналдыру, оқушылардың жобалық жұмыстарын арттыру және «Цифрлық мектеп» экожүйесін толық қалыптастыру. Оқушылар мен ұстаздардың мәдени құзыреттілігін қалыптастыру – заманауи білім берудің маңызды бағыты. Осы мақсатта мектебімізде «Мәдени құзыреттілік – сапалы білім негізі» эксперименттік алаңы жүйелі түрде жұмыс жасап келеді. Аталған алаң аясында түрлі тәрбиелік, танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, білім беру үдерісіне жаңаша серпін беріліп келеді», - дейді Эльмира Әлімханқызы.

Өткізілген іс-шаралар оқушы, ата-ана және мектеп арасындағы өзара байланысты нығайтып, ортақ құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай жұмыс оқушылардың мәдени көзқарасын кеңейтіп қана қоймай, ұстаздардың кәсіби дамуына, ал ата-аналардың мектеп өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Нәтижесінде мектепте қолайлы білім беру ортасы қалыптасып, мәдени құзыреттілігі жоғары, саналы да тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеуге берік негізі қаланып отыр.

Осы мектепте білім алып жатқан 11-сынып оқушысы Айтуар Оспановтың айтуынша, №102 мектепте алған білімі мен ұстаздарының қолдауы оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер еткен.

«Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол түрлі деңгейдегі білім сайыстарына қатысып, маңызды жетістіктерге қол жеткізген. Ұстаздарымның жетекшілігімен республикалық ғылыми жобалар конкурсына қатысып, ІІІ орын иелендім. Менің ғылыми жобам ел үшін ерлікпен қаза тапқан батыр Асқар Забикуллиннің өмірі мен ерлігіне арналды. Бұл зерттеу жұмысын орындау барысында мен тек ғылыми ізденіс жасап қана қоймай, отансүйгіштік, ерлік пен азаматтық жауапкершілік сияқты құндылықтарды тереңірек түсіндім», - дейді ол.

Шәкірт барлық жетістігінің негізінде ұстаздары берген сапалы білім мен қолдау тұр деп түсінеді. Қазір ол Америка Құрама Штаттарында білім алуға дайындалып жатыр.

«№102 мектеп маған терең біліммен қатар, үлкен мақсат қоюды, елге қызмет етуді және болашаққа сеніммен қарауды үйретті. Бұл мектеп менің өмір жолымдағы маңызды әрі берік бастауым болды», - дейді Айтуар Оспанов.

Мектеп интерактивті панельдермен, сандық зертханалармен, пәндік кабинеттермен және эргономикалық жиһазбен толық қамтылған. Оқу үдерісінде ЖИ элементтері информатика сабақтарында және робототехника үйірмелерінде қолданылады.

Мұғалімдер сабақ жоспарлауда ЖИ құралдарын көмекші ретінде пайдалануды жақсы меңгерген. Заманауи құрал-жабдықтар мен цифрлық технологиялар сабақтарды қызықты, мазмұнды әрі тиімді өткізуге көмектеседі. Нәтижесінде оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, білімді меңгеру деңгейі жоғарылайды.

Мектепте оқушылар үшін қауіпсіз әрі бақылауы күшейтілген орта қалыптастырылған. Мектепте Face ID жүйесі, бейнебақылау камералары, турникеттер және мамандандырылған күзет қызметі жұмыс істейді. Оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастырылған, мәзір диетологтардың мақұлдауымен бекітілген. Медициналық блок барлық қажетті құрал және дәрі-дәрмекпен жабдықталған.

Мөлдір Қабыкен