Астанада театр ұжымы Конституция жобасын талқылады
Елордада Жас көрермендердің музыкалық театры ұжымы жаңа Конституцияның жобасын талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде мемлекеттің игілігі үшін, Әділетті Қазақстанды құру жолында Ата заңға үлкен реформа жасалу процесі басталды. Бұл бұрынғы реформаларға қарағанда өзгешелеу. Өйткені бір айға жуық уақыттан бері 130-дан астам қоғамдық және саяси өкілдер, заңгерлер, саясаткерлер, жалпы қоғам қайраткерлерінің бас қосуымен заңға өзгерістер ашық, жария түрінде талқыланып жатыр. Бұл аяқ астынан қолға алынған мәселе емес, Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында өткен V ұлттық құрылтайда осы Конституцияда өзгеріске түсетін дүниелердің барлығын қадап-қадап айтты. Қазір бүкіл қоғам осы мәселеге назар аударып отыр. Бүгін біз де Конституцияға енгізілетін өзгерістердің елдің ертеңіне қандай әсері, ықпалы бар – соны бірігіп талқылаймыз», - деген Жас көрермендердің музыкалық театры директоры Асхат Маемиров спикерге сөз берді.

Астана қаласы «Әкелер одағының» өкілі Шыңғысхан Қожахметов тетардың шығармашылық құрамына Жаңа Конституция жобасының мән-маңызын, ерекшелігін түсіндірді.
«Қазақстанның азаматы ретінде екі Конституцияны салыстырып көрдім. Өзіме әсер еткен тұстарын айтып өтсем, жаңа Ата заңның жобасындағы бастаманың өзі адамды рухтандырады. Жобада отбасына қатысты мәселелерге мән берілген. Онда неке ерлі-зайыптылардың тең құқылы шешімі екені айтылады. Ал дін, мемлекеттен бөлек деп нақты көрсетілген.
Президенттің өкілеттігін бір мерзімге қалдыру, қос палатаны қосып, «Құрылтай» деп атау, «Халық кеңесін» құру – елеулі өзгерістер. Әлеуметтік желіде ммлекеттік тілге байланысты уәждер айтылып жатыр. Оған байланысты да өзгерістер енгенін білесіздер. Қазір Президенттің тапсырмасымен eGov, eOtinish бойынша ұсыныс енгізуге құқықтарыңыз бар. Егер белгілі бір ұсыныс берушілердің сандық пайызы жоғары болса, оны қарастыруға мүмкінідік беріледі. Әлі де комиссия өзінің ашық форматтағы отырыстарын өткізіп жатыр.
Бұған дейінгі Конституцияға енгізілген өзгерістердің барлығы референдумсыз Конституциялық соттың шешімімен, заң шығарушы органдардың биік дәрежесіндегі шешімдерімен шығып кететін. Қазір «Халық үніне құлақ асатын ашық үкімет» қағидаты бойынша барлығы жария форматта өткізіліп отыр. Барлық айтылған пікір тарихта, архивте сақталады. Сондықтан әрбір Конституция комиссия мүшесі жүз ойланып, мың толғанып сөйлейтіні анық. Өйткені жауапкершілік жоғары, талап күшті. Заман өзгеріп жатыр, өзгеріс қажет. Сол себепті Ата заңымыздың жобасын өздеріңіз оқып, танысып, бір қорытындыға келген соң, бір ауыздан референдумға келіп, дауыс берулеріңізді сұраймыз» - спикер.

Бұдан соң театр ұжымы өздерін толғандырған мәселелер туралы пікірлерін айтты.