Астанада құқықтық сананы арттыруға арналған ашық сабақ ұйымдастырылды
Астанада Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты Руханият орталығында «Жаңа Конституция – жаңа заман талабы» тақырыбында ашық сабақ өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ашық сабақ барысында жаңа Конституциядағы өзгерістер, олардың мемлекет дамуына тигізетін әсері және азаматтық жауапкершілік мәселелері кеңінен қамтылды.
Ашық сабақты Руханият орталығының оқытушысы, білікті ұстаз Сағым Естемісова өткізді. Сабақ барысында ол қатысушыларға Конституциялық реформалардың мәні, Ата заңның жаңарған мазмұны және оның қоғамдық өмірдегі маңызы туралы жан-жақты түсіндірді.

Сағым Барлықбайқызы өз сөзінде жаңа Конституцияның қоғамды жаңғыртудағы рөліне тоқталып өтті.
«Жаңа Конституция – уақыт талабына сай қабылданған маңызды құжат. Ол қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтып, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Ата заңды терең түсіну – құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты шарттарының бірі», – деді ол.
Ашық сабақ барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Конституциядағы негізгі өзгерістер бойынша пікір алмасты. Мұндай танымдық кездесулер азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдық сананы жаңғыртуға оң ықпал етеді.
