Астанада инклюзивті спорт сайысы өтті
Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған ауқымды инклюзивті спорт додасы – Sana Sport Fest өтті. Сайыс BF Mereke қайырымдылық қоры мен «Жеңіске жет» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Sana Sport Fest-ке Қазақстанның бірнеше өңірлерінен келген 240-тан астам бала мен жасөспірім қатысты. Атап айтқанда, Астана, Қарағанды, Арқалық, Көкшетау, Қостанай, Петропавл қалалары мен Солтүстүстік Қазақстан облысы ауылдарынан жиналған қатысушылар бір алаңда бас қосты. Айта кетейік, фестиваль елордадағы Sana Sport спорт кешенінде өтті.

Фестиваль барысында қатысушылар жеңіл атлетика, шоудаун, үстел теннисі, бестемше және дойбы ойындары бойынша өзара бақ сынады. Әр бағытта балалар өз қабілеттерін көрсетіп, белсенділік танытты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ойындар балалардың әлеуетін ашып, олардың өз-өзіне деген сенімін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

«Әрбір бала жарысқа қатысып, өз жетістігін көрсетуге лайық. Осы іс-шара арқылы біз балаларға нағыз спорттық рухты, тең бәсекені және өз жетістігіне деген мақтаныш сезімін сезіндіруді мақсат еттік. Бүгін алғаш рет қатысып отырған балалар да аз емес. Бұл, әсіресе, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жан-жақты дамуына үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймыз», – деді BF Mereke қайырымдылық қорының директоры Арман Қайрат.

Іс-шараға қатысушылар мен олардың ата-аналары да фестивальдің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Ұлым Әділхан бестемше ойынынан жарысқа қатысып жатыр. Ол бұл ойынға 7 жасынан бастап қызығып, жүйелі түрде дайындалып келеді. Былтыр да қатысып, екінші орын алған едік. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда биыл қатысушылар саны әлдеқайда көп, жарыс ауқымды әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Осындай ойындар балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың стратегиялық ойлау қабілетін дамытып, ортаға бейімделуіне үлкен ықпал етеді. Мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса, ерекше балаларға да зор қолдау болар еді», – деді қатысушының әкесі Нұрлан Сүлейменов.

Бұл жарыс тең мүмкіндіктер қағидатына негізделіп, нәтижеден гөрі қатысудың маңызы жоғары қойылды. Сондықтан мұнда әрбір бала жеңімпаз ретінде бағаланды. Sana Sport Fest-тің басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп, олардың қабілеті мен талпынысын көпшілікке таныту.