Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді
4 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі енгізілді. Бұған дейін тізбе 19 атаудан тұрса, қазіргі уақытта ол 31 атауға дейін кеңейтілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған тауарлардың қатарына қияр, қызанақ, алма, шай, қаймақ, балық, сиыр еті, тауық еті, тауық, жылқы еті және қатты ірімшік кірді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қаңтар айының бірінші аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,2 пайыз болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде де бұл көрсеткіш 0,2 пайыз деңгейінде тіркелген. Сонымен қатар биыл аталған көрсеткіш кеңейтілген тауарлар тізбесін ескере отырып қалыптасты. Бұл бірінші кезектегі азық-түлік өнімдері бағасының тұрақты екенін көрсетеді.
Кеңейтілген тізбеге енгізілген бірқатар жаңа тауар позициялары бойынша бағаның 0,1-0,5 пайыз аралығында төмендегені байқалды. Бұл төмендеу көлемі жағынан шамалы болғанымен, бағаны тұрақтандыру үдерісінің басталғанын және қысқа мерзім ішінде алғашқы нәтижеге қол жеткізілгенін көрсетеді. Атап айтқанда, жеміс-көкөніс өнімдері бойынша алма бағасы 0,5 пайызға, қияр мен қызанақ бағасы 0,4 пайызға арзандады. Бакалея өнімдерінде қатты және жартылай қатты ірімшіктердің бағасы 0,3 пайызға, қара шай бағасы 0,2 пайызға төмендеді. Сондай-ақ ет және балық өнімдері тобы бойынша баға 0,1 пайызға төмендеді, ал сүт өнімдері ішінде қаймақ бағасы 0,1 пайызға арзандаған.
Бағаны тежеу мақсатында жыл басынан бері сауда нысандарында бағаға тұрақты мониторинг жасалып, бизнес өкілдеріне түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Осы орайда ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Дәулен Кабдушев жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп елордадағы базарларда баға мониторингін өткізді.
«Осындай жұмысты өңірлердегі әріптестеріміз де тұрақты жүргізіп жатыр. Қазір сатушыларға бұрын ӘМАТ тізбесінде болмаған тауарлардың енді тізімге қосылғанын түсіндіреміз. Бұл дегеніңіз Сауда комитеті тарапынан жаңадан тізімге қосылған тауарлардың сауда үстемесіне мемлекеттік бақылау жүргізіледі деген сөз. Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік тауарларға қойылатын максимал сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек», - деді Дәулен Кабдушев.
Еске сала кетейік, бұған дейін азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге айыппұл салынғанын жаздық.