Астанада алдағы демалыс күндері кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді
Астанада 10-11 қаңтар аралығында кезекті қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жәрмеңкеде жергілікті фермерлер мен Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөністер мен жеміс-жидектерді, ет өнімдерін, ұн және сүт өнімдерін, наубайхана тауарларын, табиғи шырындар, тосаптар мен джемдерді тиімді бағада сатып ала алады.
Іс-шара 10 және 11 қаңтар күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін өтеді.
Өтетін орны: «Keryen Joly» сауда орталығы, Алаш тас жолы, 35Б.
Келушілердің ыңғайлылығы үшін жәрмеңке өтетін орынға № 7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307 және 317 бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайды.
Еске салайық, бұдан бұрын Астанада «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өткені туралы жазған едік.