Референдум-2026

Ақылы учаскелерде жол белгісін орнату және ауыстыру аяқталды - министрлік

Ақылы учаскелерде жол белгісін орнату және ауыстыру аяқталды - министрлік
Фото: Көлік министрлігі

2026 жылы кешенді мақсатты бағдарлама шеңберінде рреспубликалық жолдарды күтіп-ұстау бағытындағы жұмыстың басым бөлігі жоспарланған межеден жоғары қарқынмен орындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, осы бағыттағы жұмыс елдің барлық өңірін қамтыды және мемлекеттік тапсырыс аясында, сондай-ақ автомобиль жолдарының ақылы учаскелерінде 15 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр.

«Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша жол жұмыстарын орындаудың жоғары қарқыны байқалады. Қазіргі уақытта жол жабынындағы ойықтар мен кедір-бұдырларды жою жұмыстары жоспардағы көлемнен төрт есеге артық орындалды. Бүгінде жол төсемінің 54 мың шаршы метрден астам бөлігі қалпына келтірілді.

Шұңқырларды жөндеу жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Дәстүрлі әдіспен шамамен 217 мың шаршы метр жол жабыны жөнделді, бұл жоспардың 123%-ы. Ал арнайы қысыммен қоспа енгізу тәсілі арқылы 11,7 мың шаршы метр жол қалпына келтіріліп, жоспар 109%-ға орындалды», делінген хабарламада.

Көлік министрлігінің мәліметінше, жолдарды инженерлік тұрғыдан жабдықтау жұмысы да белгіленген мерзімнен алда келеді. Жоспарда 9,6 мың дана сигналдық бағана көзделген болса, 11,3 мыңнан астамы орнатылды, бұл 118%. Сонымен қатар жол қоршауы бойынша 10 222 метр қоршау жөнделіп, жаңадан орнатылды. Бұл жоспардың 122%-ына тең.

Ақылы автомобиль жолдарында жол белгілерін орнату және ауыстыру жұмысы толық аяқталды. Көктемгі-жазғы маусымдық жол таңбалары автомобиль жолдарының 24,5 мың шақырымына сызылып, жоспарлы көрсеткіш 108%-ға орындалды. Сонымен қатар, жол белгілерін орнату және ауыстыру жұмыстары да кестедегі мерзімнен алда келеді. Бүгінгі таңда жоспардың 105%-ы орындалып, 5235 дана жол белгісі орнатылды және ауыстырылды.

Автопавильондар мен демалыс алаңдарын жөндеу бойынша жоспарланған 48 нысанның орнына 128 нысанда жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ жол көрсеткіштері жоспарланған 451 шақырымнан асып, 493 шақырымға орнатылса, жол таңбасын салу 16,9 мың шақырым жоспардың орнына 17,9 мың шақырымда орындалды.

Еске сала кетсек, Астанада Ұлы дала даңғылындағы қиылыста көлік қозғалысы ішінара жабылады.