Ақтөбеде ХҚКО-да жалған құжат жасаумен айналысқан ұйымдасқан топ ұсталды
Ақтөбеде заңсыз көші-қонды ұйымдастырған күдіктілер ХҚҚО ғимаратында ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ақтөбе қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратында заңсыз делдалдық қызмет ұйымдастырған бір топ тұлғаның қылмыстық әрекетін әшкереледі.
Жедел деректерге сәйкес, олар өздері жалға алған бірнеше кабинетте шетел азаматын тіркеу саласында жалған құжаттарды пайдалана отырып, ақылы негізде делдалдық қызмет көрсеткен.
«Аталған тұлғалардың Орта Азия елдерінен келген шетел азаматтарына заңсыз құжат рәсімдеумен айналысқаны анықталды. Жалған құжаттарды дайындау, қолдан жасау және өткізу фактісі бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында күдіктілердің қылмыстық әрекеттерін құжаттандыруға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда», - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.