Ақмарал Әлназарова Астанадағы емханалар жұмысымен танысты

Бүгін, 10:51
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ақмарал Әлназарова Астанадағы емханалар жұмысымен танысты
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астана қаласындағы №1, №13 қалалық емханалар мен City жеке емханасына барып, денсаулық сақтаудың бастапқы буынында жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелерімен, халыққа медициналық көмек көрсету ісінің ұйымдастырылуымен және медицина қызметкерлерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында ведомство басшысы дәрігерлермен, мейіргерлермен және медициналық ұйымдардың басшыларымен кездесіп, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, профилактикалық жұмысты жетілдіру, үдерістерді цифрландыру және қаржыландыру жүйесін одан әрі реформалау мәселелерін талқылады.

«Біз үшін статистика мен есептерді ғана емес, жергілікті жерлердегі нақты өзгерістердің нәтижелерін көру маңызды. Кез келген реформа медициналық көмектің сапасын арттырып, оны халық үшін қолжетімді етіп, медицина қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайларын жасаған кезде ғана өз мәніне ие болады», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Сапар барысында балаларға медициналық көмек көрсету мәселелері мен педиатриялық қызметті дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.

Ведомство басшысы қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан педиатриялық көмекті ұйымдастырудың әртүрлі модельдерінің тиімділігіне кешенді талдау жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Біз халықаралық тәжірибені мұқият зерттеп жатырмыз. Алайда шешім қабылдау кезінде ең алдымен балаларымыздың мүдделерін, практикалық дәрігерлердің пікірін және Қазақстанның нақты жағдайларын басшылыққа аламыз», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Емханаларды аралау барысында профилактикалық жұмыстар мен ауруларды ерте анықтау нәтижелері таныстырылды. Атап айтқанда, №1 қалалық емханада бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша скринингтік тексерулермен қамту деңгейі 60 пайыздан асты. 10 мыңнан астам адам профилактикалық тексеруден өтіп, олардың нәтижесінде шамамен 200 түрлі ауру анықталған.

Министрдің айтуынша, мұндай көрсеткіштер профилактикалық медицинаның тиімділігі артып келе жатқанын көрсетеді және ауруларды дер кезінде анықтап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

«Бүгінде халықты скринингтік тексерулермен қамту, созылмалы аурулары бар пациенттерді диспансерлік бақылауды ұйымдастыру және профилактикалық жұмысты дамыту бағытында оң динамиканы байқап отырмыз. Дәл осы бастапқы буын ауруларды ерте анықтаудың және халық денсаулығын сақтаудың негізіне айналуы тиіс», – деді Ақмарал Әлназарова.

Медицина қызметкерлерін ынталандыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Емханалар басшылығы нақты сапа және тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған ынталандырушы төлемдер жүйесін енгізу нәтижелерін таныстырды.

«Еңбекке ақы төлеу жүйесі медицина қызметкерлерін көрсетілген қызмет көлеміне емес, медициналық көмектің сапасына, профилактикалық белсенділігіне және қол жеткізілген нәтижелерге ынталандыруы өте маңызды. Түптеп келгенде, бұдан пациенттер де, жалпы денсаулық сақтау жүйесі де ұтады», – деп атап өтті министр.

Ұжымдармен кездесулер барысында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру жүйесін жетілдірудің алдағы қадамдары да талқыланды. Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап енгізу жоспарланып отырған толыққанды сақтандыру үлгісіне көшуге дайындық мәселесі қаралды.

Министр сақтандырылмаған халықпен жұмысты жандандыру және әлеуметтік қызметтермен ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігіне ерекше тоқталды.

«Сақтандыру моделіне толық көшу бүгіннен бастап жан-жақты дайындықты талап етеді. Біздің ортақ міндетіміз – әрбір азаматтың медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету және оның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтары мен мүмкіндіктерін түсінуіне жағдай жасау», – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар сапар барысында бастапқы буынды цифрландыру, пациенттердің бағытталу маршрутын жетілдіру, кеңейтілген практика кабинеттерін дамыту және жалпы практика дәрігерлерінің жұмыс тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылды.

Жұмыс сапарының қорытындысын шығара отырып, министр бастапқы буындағы реформалардың нақты нәтижелер көрсетіп отырғанын, алайда денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жұмыстарының жалғасатынын атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – реформаны реформа үшін жүргізу емес. Кез келген өзгерістің басты көрсеткіші – халықтың денсаулығы, ауруларды дер кезінде анықтау, медициналық көмектің қолжетімділігі және пациенттердің көрсетілетін қызмет сапасына қанағаттануы», – деп түйіндеді Ақмарал Әлназарова.

Еске сала кетейік, елімізде денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық экожүйесі қалыптасып жатыр.