26.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

«Әлі де пысықтау керек»: Мәжіліс депутаттары аудан әкімдерін сайлауды тоқтата тұруға шақырды

|
Photo: Видеодан алынған скрин
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

«Әлі де пысықтау керек»: Мәжіліс депутаттары аудан әкімдерін сайлауды тоқтата тұруға шақырды

|
Photo: Видеодан алынған скрин

Мәжіліс депутаттары Ерлан Сайыров пен Мархабат Жайымбетов аудан әкімдерінің сайлауын уақытша тоқтата тұруды ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл туралы депутаттар бүгінгі Мәжіліс отырысында айтты. Атап айтқанда, Ерлан Сайыров депутаттық сауалында еліміз соңғы 5 жылда айтарлықтай ірі қадамдар жасап, бүгінде әрбір жексенбі сайын ауыл, аудан, қала әкімдерінің сайлауы өтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, мәселенің пысықтайтын тұстары да бар.

«Әлі де сайланып жатқан ауыл әкімдерінің құзыретін, олардың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігін реттеу қажет екеніне көзіміз жетіп отыр. Заң аясында ауыл әкімдерінің құзыретін әлі де кеңейтуіміз қажет. Төртінші бюджетті қалыптастыру тетіктерін заңмен пысықтауымыз тиіс», – деді депутат.

Ерлан Саировтың айтуынша, еліміз бүгінде аудан, қала әкімдерін пилоттық форматта сайлауға кірісіп, 52 әкім сайланған. Бірақ бұл тәсілдің тиімділігі әлі де сараланбаған. Ол жетілдіруді талап етеді. Тіпті, сайланған аудан әкімдерінің арасында бір жылға жетпей жұмысынан кеткендер де бар екенін атап өтті депутат.

Әріптесінің сөзін қолдаған Мархабат Жайымбетов өзі бұрын қала мен аудан әкімі болғандықтан, бұл мәселемен жақсы таныс екенін айтты. Депутаттың айтуынша, ол жақында ғана бірқатар ауданды аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысқан. Сапар барысында ол аудан әкімдерін тікелей сайлау жүйесінің әлі де пысықтауды қажет екеніне көз жеткізгенін тілге тиек етті.

«Ауданға бөлінетін қаржы мәселесін реттеуге тиіспіз. Ал аудан әкімдерінің құзыреті бойынша бірнеше маңызды заңға өзгеріс енгізу қажет. Мысалы, білім беру саласының шығыстары облыстық бюджетте қалып, кірістері аудан бюджетінде. Қазір аудан әкімдерінде құзырет аз, жауапкершілік көп. Білім, денсаулық ветеринария саласы, жұмыспен қамту орталықтары аудан әкіміне бағынбайды. Ең бастысы, ауыл әкімдерінің сайлауының бір 5 жылдық кезеңін күтіп, ауылдық сайланған әкімдердің тәжірибелі корпусын даярлау маңызды. Сонда ғана саяси, ең бастысы кәсіби кадрлар резерві қалыптасады. Сондықтан оған әзірге уақытша тоқтау қойып, жан-жақты пысықтағанымыз жөн», – деді ол.

Сонымен қатар Ерлан Сайыров аудан әкімдерінің сайлауына қыруар қаражат кететінін алға тартты.

«Тек биылдың өзінде 6 аудан әкімі мен 1 облыстық маңызы бар қала әкімінің сайлауы өтті. Осының өзіне мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалды», – деді депутат.

Өз сөзінде ол ауылдық округ әкімдерінің сайлау жүйесін енгізу бес жыл бойы кезең-кезеңімен жүргізіліп келе жатқанын айтып, аудан әкімдерін сайлау мәселесінде жүйелі әрі жан-жақты зерделенген тәсіл қажет екеніне тоқталды.

Бұл ретте Ерлан Сайыров әлемдік тәжірибеге арқа сүйеген саяси сарапшылар мен мемлекеттік басқаруда тәжірибесі бар азаматтардың «аудан әкімдерін мәслихат депутаттары да сайлай алады» деген пікірін ортаға салды.

Сондай-ақ депутаттар осынау маңызды мәселеде асығыстық танытуға болмайтынына назар аударып, ұсыныстың сайлау процесін шектеуге емес, керісінше, халықтың сайлауға деген сенімін арттыруға бағытталғанын еске салды.

Сөз соңында қос депутат жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік қызмет, сайлау, өңірлерді дамыту туралы көптеген заңға қажетті нормаларды енгізгенше, аудан деңгейіндегі әкімдердің тікелей сайлауын тоқтата тұруды ұсынды.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗