Акватермальды кешен, көтерме-логистикалық орталық: Астана әкімі жаңа инвестициялық жобалар жайлы айтты
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қаланың дамуына жеке инвестиция тарту жұмыстары жайлы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Олар – әлеуметтік нысандармен қатар өңдеу өнеркәсібі, көлік, логистика және т.б. Биыл инвестициялық жобалардың саны 55-ке жетті, жалпы инвестиция көлемі – 300 млрд теңге. Бұл жобалар 3,6 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Астана әкімінің айтуынша, инвестициялық штабтың кезекті отырысында инвесторлардың бірқатар ұсынысы қаралды.
Мәселен, олар – акватермальды кешен, көтерме-логистикалық орталық, ЖЭО-ның күлін қайта өңдейтін қондырғы салу. Аталған жобалардың инвестициялық көлемі – 31,5 млрд теңге. Нәтижесінде 400-ден астам жұмыс орны ашылады.
«Сол сияқты көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасын қарадық, модульдік құрылымдар, қан алуға арналған вакуумдық жүйелер (вакутейнерлер), мыс кабель, шыныпластиктен жасалған жең және полимер-композиттік жабындар өндіретін зауыттар ашу мүмкіндігін талқыладық.
Өңірлік инвестициялық штабтың отырысын тұрақты түрде өткізіп, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Бұған дейін Астанада Ислам қаржысы жөніндегі халықаралық кеңес құрылғанын айтқан болатынбыз.