АЭС қауіпсіздігі. Ғылым не дейді?
Атом энергетикасы туралы сөз қозғалса пікір де екіге жарылады. Бірі оны энергетикалық тәуелсіздікке бастайтын мүмкіндік десе, енді бірі қауіпсіздікке күмәнмен қарайды. Елімізде атом электр станциясын салу мәселесі қызу талқыланып жатқан шақта қоғамның толғандыратын бір сұрақ тұр. Салынатын АЭС шынымен қауіпсіз бе? Осы жайлы нақты дәлелдемелермен шолу жасадық, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Бұл сауалға жауап іздеу үшін алдымен өткен мен бүгінді салыстыру қажет. Себебі қырық жыл бұрынғы реактор мен бүгінгі атом станциясының арасы ондаған жылдық ғылыми ізденіс, мыңдаған инженерлік шешім және халықаралық қауіпсіздік талаптарының нәтижесі.
Атом энергетикасына қатысты қорқыныштың қалыптасуына негіз жоқ деу қателік болар еді. Чернобыль апаты бүкіл әлемге ядролық технологиялардың қаншалықты жауапкершілік талап ететінін көрсетті. Ал Фукусимадағы оқиға табиғи апаттардың салдарын тағы бір мәрте еске салды. Қазақстан халқы үшін бұл тақырып салмақты әрі өзекті. Өйткені Семей ядролық полигонының зардабы ұлт жадында әлі де сақтаулы. Алайда өткеннің өрнегі бүгінгі технологияның мүмкіндігін жоққа шығармайды.
«Қоғамдағы алаңдаушылықтың басты себебі – радиацияның көзге көрінбейтіндігі және оның ықтимал салдарының ауыр қабылдануы. Бұған Чернобыль, Фукусима және Семей полигонының тарихи әсері қосылып, атом технологиясына қатысты психологиялық тосқауыл қалыптастырды. Бірақ тәуекелді эмоциямен емес, ғылыммен бағалау қажет», – дейді сарапшы, Еуразия ұлттық университеті Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Ержан Төлеков.
Маманның айтуынша, қазіргі атом энергетикасында басты ұстаным – «қорғаныстың көпдеңгейлі жүйесі». Бұл қағидат бойынша радиоактивті заттардың сыртқы ортаға таралуына бір емес, бірнеше тәуелсіз қорғаныс қабаты тосқауыл болады.
Алғашқысы – жоғары температураға төзімді ядролық отынның өзі. Одан кейін оны толық оқшаулайтын цирконий қорытпасынан жасалған герметикалық қабық орналасады. Үшінші деңгейде қалың болаттан құйылған реактор корпусы қорғаныс қызметін атқарса, ең соңғы әрі ең берік тосқауыл сыртқы темірбетон контайнмент. Ол реакторды сыртқы механикалық әсерлерден де, ықтимал ішкі қысымнан да қорғай алады. Осылайша, қауіпсіздік бір ғана құрылғыға емес, өзара байланысқан бірнеше инженерлік шешімге сүйенеді.
1986 жылғы Чернобыль апаты атом энергетикасының даму бағытын түбегейлі өзгертті. Реакторларды жобалау философиясы қайта қаралды. Ал 2011 жылғы «Фукусима-1» апаты табиғи апаттарға төзімділік талаптарын күшейтті. Содан бері атом саласы бірнеше технологиялық буынға алға жылжыды.
Қазіргі III және III+ буындағы реакторлардың басты ерекшелігі – олардың өзін-өзі қорғау қасиеті. Егер реактор ішінде температура көтеріліп немесе бу көлемі артса, ядролық реакция күшеймейді. Керісінше, физика заңдарының әсерінен баяулап, өздігінен тоқтауға ұмтылады. Яғни бүгінгі реакторлардың табиғатының өзі қауіптің алдын алуға бағытталған.
Екінші маңызды ерекшелік – пассивті қауіпсіздік жүйелерінің енгізілуі. Бұрынғы станцияларда барлық қауіпсіздік жүйелері электр қуатына және оператордың әрекетіне тәуелді болды. Фукусимада дәл осы электр жүйесінің істен шығуы апаттың негізгі себебіне айналған еді. Ал қазіргі реакторларда электр энергиясы толық үзілген жағдайда да салқындату жүйелері жұмысын тоқтатпайды.
«III және III+ буындағы реакторлардың басты артықшылығы – пассивті қауіпсіздік жүйелері. Олар адамның араласуынсыз және электр энергиясынсыз жұмыс істейді. Реакторды салқындату табиғаттың іргелі заңдары – гравитация, қысым айырмасы және табиғи конвекция арқылы жүзеге асады. Бұл ауыр апаттардың ықтималдығын барынша төмендетеді», – дейді PhD доктор Ержан Төлеков.
Бұдан бөлек, қазіргі реакторларда бұрын болмаған тағы бір маңызды қорғаныс элементі бар. Ол – Core Catcher, яғни балқыманы ұстағыш құрылғы. Гипотетикалық тұрғыдан реактордағы ядролық отын толық балқыған жағдайда да арнайы құрылғы оны өз ішінде ұстап, қоршаған ортаға таралуына жол бермейді. Бұл – Чернобыльден кейін енгізілген ең маңызды инженерлік шешімдердің бірі.
Бүгінде атом энергетикасында қауіпсіздік мәселесін әр мемлекет өз бетінше шешпейді. Бұл бағыттағы негізгі талаптарды Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) белгілейді. Қазіргі талаптарға сәйкес кез келген атом электр станциясы күшті жер сілкінісіне, су тасқынына, дауылға, өндірістік апаттарға, тіпті ірі жолаушылар ұшағының құлауына дейін есептеліп жобалануы тиіс. Сонымен қатар адам факторынан туындайтын кез келген қателік қауіпсіздік жүйесінің жұмысына әсер етпеуі қажет.
Қазақстан да осы халықаралық талаптарды басшылыққа алып келеді. Елде МАГАТЭ сарапшылары бірнеше мәрте жұмыс жүргізіп, болашақ құрылыс алаңдарының геологиялық және экологиялық ерекшеліктерін бағалады. Сонымен қатар елімізде ядролық қауіпсіздікті қадағалайтын тәуелсіз мемлекеттік органдар жұмыс істейді, ал Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық халықаралық бақылаудың үздіксіз сақталуына мүмкіндік береді.
Сондықтан бүгінгі талқылаудың өзегі қорқыныш пен эмоция емес, ғылым, технология және халықаралық тәжірибе болуы тиіс. Себебі қоғам дұрыс шешім қабылдауы үшін ең алдымен нақты дерекке, кәсіби сараптамаға және ғылыми дәлелге сүйенуі қажет.