61-ші Венеция биенналесінде Қазақстанды «ҚОҢЫР: Архив үні» жобасы таныстырады
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2026 жылы өтетін 61-ші Венеция биенналесінде ҚР Ұлттық павильонына арналған кураторлық ұсыныстар конкурсының қорытындысын жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Дауыс беру нәтижесі бойынша «ҚОҢЫР: Архив үні» тұжырымдамасы жеңімпаз атанды. Жобаның кураторы – Сырлыбек Бекботаев.
61-ші Венеция биенналесі 2026 жылғы 9 мамыр мен 22 қараша аралығында өтеді. Осы мерзімде Қазақстанның Ұлттық павильоны Биеннале бағдарламасы аясында ұсынылатын болады.
Конкурс ұлттық павильонды дайындауда ашық әрі тұрақты тәжірибені қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Өтінімдер бір ай бойы қабылданды. Іріктеу екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ұсынылған материалдарға сараптамалық бағалау жасалды, ал екіншісінде финалистермен онлайн-сұхбат жүргізілді.
Бағалау үшін жобаның тұжырымдамалық тұтастығына (25 баллға дейін), менеджменті мен іске асырылуы (20 баллға дейін), тәжірибе, этика және орнығуына (20 баллға дейін) мән берілді. Әр сұрақ бойынша 1-ден 5 балға дейін қойылып, қорытынды нәтиже ұпай арқылы анықталды.
Бірінші кезеңнің финалына үш жоба өтті. Екінші кезеңде қазылар алқасы әрбір финалиспен онлайн-сұхбат өткізіп, талқылау қорытындысы бойынша ақтық дауыс беру парақтарын толтырды.
Іріктеу комиссиясы пәнаралық сараптама қағидаты бойынша құрылып, оның құрамында заманауи өнер, өнертану, тәуелсіз театр мен музыка салаларындағы жергілікті және халықаралық мамандар, сондай-ақ академиялық қауымдастық пен мемлекеттік музейлер өкілдері болды.
Еске сала кетейік, конкурс 2025 жылдың қараша айында жарияланған болатын. Оның мақсаты – 2026 жылы Биенналеде «In Minor Keys» тақырыбын ашатын, тұжырымдамалық және көркемдік тұрғыдан біртұтас жобаны іріктеу және Қазақстанның заманауи өнерін халықаралық деңгейде таныстыру.
Конкурсқа кураторлар мен кураторлық топтарға Қазақстан Республикасының азаматтары, кураторлық қызмет тәжірибесі бар мамандар шақырылды. Қазақстанда тұратын және жұмыс істейтін үміткерлерге басымдық берілді.
Сырлыбек Бекботаев – суретші әрі куратор, Астана қаласында тұрып, жұмыс істейді. Оның шығармашылығы мен мол тәжірибесі көшпенділер өмірі мен мәдени мұра тақырыбына арналған. 2025 жылы ол Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Мәдениеттану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның үш театрында қойылған «Щелкунчик» балеті 40 мыңнан астам көрермен жинағаны туралы жаздық.