Жеңіс күніне орай өтетін әскери шеру күні ауысты ма – министрлік жауап берді


Әлеуметтік желіде Жеңіс күніне арналған шеру 7 мамырдан 9 мамырға ауыстырылады деген жалған видео тарады. Алаяқтар роликте Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың видеосын пайдаланған. Бірақ ол жалған дауыспен дыбысталған, деп хабарлады Elordainfo.kz Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Соңғы кезде Қорғаныс министрінің атына және қорғаныс ведомствосының баспасөз хатшысына қатысты ақпараттық шабуылдар мен жалған хабарламалардың таралуы жиілеп кетті. Осындай жағдайдың бірі әскери парадтың 7 мамырдан 9 мамырға ауысқаны жайлы қауесетке байланысты болып отыр. Хабарлама жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың жалған бейнесін сомдау арқылы жасалған. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Мемлекеттің 2025 жылғы күн тәртібіндегі басты оқиғалардың бірі – Әскери парад 7 мамырда бекітілген жоспарға сәйкес «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңда өтеді»,- делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Министрлік ел азаматтары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін арандатушылыққа ермей, тек ресми ақпарат көздерін пайдалануға шақырды.