Заңсыз елік аулаған браконьер ұсталды

Заңсыз елік аулаған браконьер  ұсталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қостанай облысында елік аулаған браконьер  ұсталды, деп хабарлады Elordainfo.kz  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Қарасу ауданында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері заңсыз аң аулаумен айналысқан браконьерді ұстады. Май ауылынан 7 шақырым жерде, Қойбағор – Қарасу – Севастополь автожолында полиция қызметкерлері жергілікті тұрғын тізгіндеген «Буран» қарда жүретін көлігін тоқтатты. Тексеру барысында шанаға бекітілген төрт қаптың ішінен бөлшектелген елік ұшалары табылды. Сонымен қатар көлік орындығынан бір оқпанды аңшылық мылтық анықталды, алайда оның оқтары болмаған», - деп жазылған хабарламада.


Полиция қызметкерлері оқиға орнынан 12 шақырым жердегі орман екпесінің жанынан еліктердің етін бөлшектеген учаскені тапты. Қардың бетінде қызыл-қоңыр дақтар байқалып, жануарлардың бастары, терілері мен тұяқтары қалған. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қажетті сараптамалар тағайындалды.

Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінде браконьерлікпен күреске бағытталған «Браконьер» жедел алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр.