Сырға толы Стамбұл: Аз уақытта көне шаһардан нені тамашалауға болады
Еліміздің астанасынан Стамбұлға бірнеше әуе компаниясы қатынайды. Билет бағасы неғұрлым ертерек алсаңыз соғұрлым тиімдірек. Астанадан ұшсаңыз шамамен 5 сағатта көне қалаға жетесіз. Стамбұлда аралайтын, тамашалайтын жерлер әрине көп. Алайда аз уақытқа келген туристер маршрутты алдын ала ойластырғаны жөн. Elorda.info міндетті түрде барып көруге тұратын орындардың тізімін ұсынады.
Екі қаланың уақыт айырмашылығы 3 сағат. Стамбұл сауда және туристерге барлық жағдай жасалған қала болғандықтан қонақ үй табуда қиындық жоқ. Талғамыңыз бен қаржыңызға қарай кез келген қонақ үйге тоқтай аласыз. Таңғы аспен бірге орташа баға 40 мың теңгеден басталады. Қонақ үйді арнайы агенттіктер арқылы алдын ала бронь жасау мүмкіндігі бар.
Мұнда ғасырлар бойы тұрған мешіттер мен жаңадан бой көтерген зәулім ғимараттар, дәулеттілер салған сарайлар мен жан-жақтан жұмыс іздеп келген мигранттар тұрып жатқан жұпыны аудан қатар келеді. Табиғаты бөлек, бір қарағанда мүлдем қабыспайтын дүниелер бірігіп, біртұтас жүйе құрған.
Азия мен Еуропаның арасында тұрған қаланың екі бөлігін 3 көпір жалғап тұр. Екі жағалауға пароммен де, автокөлікпен де қатынауға болады.
Стамбұлда Street food ерекше. Каштан, кумпир, қуырылған жүгері, симит – Түркияға келгенде міндетті түрде дәмін көретін тағамдар. Ас-ауқат бағасы Астанамен шамалас. Соңғы жылдары инфляцияның әсерінен баға айтарлықтай қымбаттаған.
Стамбұлды Қара теңіз, Жерорта, Эгей мен Мәрмәр теңіздері жан-жақтан қоршап тұр. Бұл да туристер үшін тартымды.
Туристер қаланың тарихи орындарына таксимен, автобус, трамвай, метромен бара алады. Қоғамдық көлік үшін дүңгіршектер мен автоматтардан IstanbulKart алған тиімді және ол барлығына бірдей жарамды.
Айя София мешіті. Ол Византия императоры І Юстинианның шешімімен патриархалдық собор ретінде салынған. Кейін Осман империясы Стамбұлды алғаннан кейін Фатих Сұлтан Мехмет Айя Софияны мешітке айналдырады. Ғимарат Византия сәулет өнерінің жарқын көрінісі болып есептеледі. Айя София мешітіне кіру тегін, алайда ұзын-сонар кезекке тұрасыз. Мешітке келушілер аяқ киімін шешіп, арнайы орынға қалдырады да ішке өтеді. Мешіт қызметкерлері әйел адамдардың басында орамал не басқа да бас киім болғанын қатаң қадағалайды.
Айя Софияға қарама қарсы бетте ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының тізіміне енген Көк мешіт орналасқан. Оның ресми атауы - Сұлтан Ахмед мешіті, XVII ғасырдың басында салынған. Стамбұлдың басты мешіті саналады, сондықтан жан-жақтан келіп жатқан туристердің қарасы қалың.
Бұл жерде І Ахметтің бейіті, хоспис, сондай-ақ медресе, білім беру мекемесі бар. Оған кіруге әдетте кезек жоқ. Алайда намаз уақытында жабылады және жұма күндері бармағаныңыз дұрыс.
Бұл қалада 3 мыңнан астам ірілі-ұсақты мешіт бар. Сол себепті «мешіттің қасында кездесеміз» деп келісу қисынсыз.
Айя София мен Сұлтан Ахмед мешітінің арасындағы алаңда экскурсия ұйымдастыратын фирмалар мен жеке гид қызметін ұсынатындар бар. Олардың бағдарламалары да бағалары да әртүрлі. Қос қабатты қызыл автобуспен қаланы аралағыңыз келсе немесе Босфор бұғазына паромға билет, жарты күндік, толық бір күндік экскурсия алғыңыз келсе осы жерге келгеніңіз дұрыс. Күндіз пароммен серуендеу бағасы адам басына 20 доллардан, ал қойылымдар көрсетілетін және кешкі ас беретін түнгі бағдарлама бағасы 45 доллардан басталады.
Стамбұлға келушілер тамашалайтын тағы бір сүйікті орын Босфор бұғазы. Түріктер үшін Босфор бұғазының экономикалық және стратегиялық маңызы зор. Бұғаз арқылы мұнай, астық, түсті металдар мен басқа да тауарлар тасымалданады. Паромға мініп, теңіздің тұзды ауасымен тыныстау, шағалаларды тамақтандыру туристердің сүйікті ісі.
Гранд базар. «Kapalıçarşı» яғни «жабық базар» деп аталатын тарихи орталық. Шағын қалаға ұқсайтын жабық кешен әлемдегі ең көне ғана емес, ең ірі сауда орталығы саналады. Базардағы бірінші ереже - саудаласу. Себебі түріктер туристерге 2-3 есе қымбат бағаны айтады. Екінші ереже- әмиян мен сөмкеге сақ болу. Мұнда ұры-қары өте көп, туристер ғана емес, жергілікті тұрғындар да әп-сәтте құнды дүниесінен көз жазып қалады.
Базарда Алладиннің шамы, түрлі тәттілер, кәдесыйлар, алтын, түрік шайы мен кофелер, дәмдеуіштер мен басқа да керектінің бәрі сатылады.
Галата мұнарасы. Ол да ЮНЕСКО-ның тізіміне енген әлемдегі ең көне мұнаралардың біріне жатады. Қаланың Европа бөлігіндегі Бейоғлу ауданында орналасқан. Мұндағы тар көшелер, түрік тәттілері мен кәдесыйлар сататын шағын дүкендер, ұлттық тағамдарды ұсынатын дәмханалар мен әдемі үйлер көздің жауын алады.
Галата мұнарасына барар жолда Таксим алаңы мен Истикляль көшесі бар. Еуропалық форматтағы бұл көше қаланың өзге аудандарынан өзгеше. Ұзындығы 1,5 шақырым көшеде жалғыз көлік – қызыл трамвай қатынайды. Көшенің екі жағында қатарынан дүкендер мен дәмханалар ашылған.
Стамбұл жайлы талай кітап жазылды, талай әнге қосылды. Әлі де айтылатыны анық. Шаһарға келетін туристер оның көркіне сүйсініп, әр келген сайын жаңа қырынан танимыз дейді. Сол себепті мұндағылар «әркімнің өз Стамбұлы бар» дегенді жиі айтады. Жылдың қай мезлігінде барсаңыз да қала құшағын жайып қарсы алады.