00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін кімдер ала алады

17 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін кімдер ала алады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Айдос Шамбулов брифингте мемлекет кепілдік берген заң көмегін кімдер ала алатынын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабына сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар, заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі деп белгіленген.

Мемлекет кепіл берген заң көмегін алуға және ұсынуға қатысты заңнамалық құқықтық қатынастар «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының заңымен реттелген.

Заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп танылады және заң көмегінің нысандарының бірі болып табылады», - деді Айдос Шамбулов.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін мемлекеттік органдар «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, өз құзыреті шегінде құқықтық ақпарат беру түрінде өтеусіз және адвокаттар, заң консультанттар «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға сәйкес көрсетеді.

Қазіргі таңда департамент тарапынан 195 адвокатпен және 90 заң консультанттарымен мемлекет кепілдік беретін заң көмегін көрсетуге тиісті келісімшарт түзілген.

Құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығы бар.

Құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегіне:

1) алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;

2) мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;

3) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

4) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

5) Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;

6) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;

7) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) беріледі.

Сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;

2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;

3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге көрсетіледі.

Сонымен қатар мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту мынадай негіздердің бірі болған кезде, яғни:

1) Заңда көзделген тұлғалар санатына жатпаса;

2) өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық консультация беру, қорғау және өкілдік ету түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.     

«2024 жылдың 11 айында мемлекет кепіл берген заң көмегі 17 582 (2023 ж. – 14 478) азаматқа көрсетілді, оның ішінде қылмыстық істер бойынша 7 266 (2023 ж. – 10 140), азаматтық істер бойынша 131 (2023 ж. – 375), әкімшілік істер бойынша 300 (2023 ж. – 497), құқықтық кеңес беру бойынша 9 885 (2023 ж. – 3 975) көрсетілді», - деді Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы өтінішхатпен жүгінген адам оның мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу құқығын растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті екендігі көзделген.