Әуежайда кепілге алынған қыз құтқарушысымен бірге түскен суретін жариялады


Алматы халықаралық әуежайында кепілге алынған қыз әлеуметтік желідегі жеке парақшасында өзінің құтқарушысымен түскен суретін жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
«Менің құтқарушым! Екінші рет дүниеге келгеніме Мұса ағам себепкер», – деп жазды ол суреттің астына.
Qaz365.kz тілшісі бейбіт күннің батыры Мұса Әбдірайыммен хабарласып, аз-кем тілдескен еді.
«Оқиға болғаннан кейін келесі күні қыздың әкесі маған қоңырау шалды. Ол маған осындай қауіпті жағдайда қызымды құтқарғаным үшін алғыс айтып, үйіне қонаққа шақырды. Мен өзім құтқарған қыздың жағдайын білуді өз міндетім деп санап, әкесінің шақыруын қабыл алдым. Мені жақсы қарсы алды, қазір Ботагөздің жағдайы жақсы, кішкентай қызы бар екен», - деді Мұса Әбдірайым.
Айта кетейік, 7 наурызда Алматы әуежайында белгісіз ер адам әйелді кепілге алмақ болып, пышақпен қорқытқан.