Биыл елордада «SOS» дабыл батырмасына 42 азамат жүгінген
Ұялы немесе өзге де байланыс болмаған жағдайларда полицияны шұғыл шақыру мүмкіндігі үшін елордада «SOS» дабыл батырмасы жобасы іске асырылған. Бұл жоба Астана тұрғындары мен қонақтары арасында полициямен өзара іс-қимыл жасау үшін белсенді пайдалануда, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қала көшелерінде, саябақтар мен гүлзарларда 35 арнайы құрылғы орнатылған. Осы жылдың басынан бастап «SOS» батырмасына 42 нақты өтініш келіп түсті. Негізгі келіп түскен қоңыраулар тыныштықты бұзу, қоқыс шығару, жол қозғалысы ережелерін бұзу, ұрлық, тонау, жол-көлік оқиғасы және т.б. фактілер бойынша», - делінген хабарламада.
Мысалға, түнгі 23:00 шамасында қала тұрғыны «SOS» батырмасы арқылы полицияға Тұран даңғылы мен Қорғалжын тасжолы қиылысында мопед жүргізушісінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғанын хабарлаған. Оқиға орнына дереу жеткен патрульдік полицейлер мән-жайды анықтап, хаттама толтырды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақат алған мопед жүргізушісі емханаға жеткізілді.
Сондай-ақ кешкі уақытта тағы бір қала тұрғыны арнайы батырманы қолдану арқылы Қарасай батыр көшесінде болған жол-көлік оқиғасы туралы хабарлаған. Шақыруға жедел шыққан полицейлер LADA Kalina және Passat көліктерінің соқтығысып қалғанын анықтап, тиісті хаттама толтырды.