Қазақстан және Қатар қарулы күштері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Алматыда Қазақстан мен Қатар қорғаныс ведомстволары арасында бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Келіссөздер барысында қазақстандық тарапты Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев, қатарлық тарапты Қорғаныс министрлігі Білім және дайындық басқармасының бастығы – Бас штаб бастығының орынбасары, генерал-майор Жасим Әл-Муханнади таныстырды.
Кездесу нәтижесінде әскери білім және ғылым, киберқауіпсіздік, спорт, сондай-ақ Арнайы операциялар күштері мен ұшу құрамының әскери қызметшілерін даярлау саласында өзара қарым-қатынасты жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Естеріңізге сала кетсек, бірлескен жұмыс тобы әскери ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес құрылған болатын. Бұл орган екі елдің қорғаныс ведомстволарының қызметін нақтылайды, ұйымдастырады және үйлестіреді.