Бектенов әлеуметтік осал топтар тұратын үйлердің тізімін нақтылауды тапсырды
Өрт әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың үйлерінде жиі кездеседі. Премьер-министр өңір әкімдіктеріне мұндай үйлердің тізімін нақтылауды тапсырды, деп хабарлады Elordainfo.kz
Олжас Бектенов Үкімет отырысында өрттің басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың үйлерінде болатынына назар аударды.
«Мәселен, өткен жылыту маусымында өрттен қаза тапқандардың дені – зейнеткерлер, жұмыссыздар, мүгедектігі бар адамдар.
Өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен және Еңбек министрлігімен бірлесіп, бір ай ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлердің тізімін нақтылауды тапсырамын.
Өңір әкімдіктері осы санаттағы адамдардың үйлерін ерекше бақылауда ұстап, оларға қажетті қолдау көрсетсін», - деп атап өтті Премьер-министр.
Бұған дейін жыл соңына дейін 23 өрт сөндіру бөлімінің құрылысы аяқталатындығын жазған болатынбыз.