Спорт

Бокс: XXXII Азия чемпионатынан не күтуге болады

29 қараша – 11 желтоқсан күндері аралығында Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласы бокстан кезекті Азия чемпионатын қабылдайды. Осы орайда Elordainfo.kz сайтының тілшісі ерлер бәсекесіне тоқталғанды жөн көрді.

- Таиланд корольдігі өз тарихында ең көп 9 мәрте сары құрлықтың бәсекесін ұйымдастырмақ. Салыстырмалы түрде Қазақстан әзірше Азия чемпионатын тек бір мәрте ғана 2010 жылы әйелдер арасында өткізген.

- Бастапқыда Азия чемпионатын Иордания өткізуі тиіс еді. Алайда өңірдегі қауіпсіздік мәселесі ескеріліп, осы айда жарыс алаңын өзгерту жайлы шешім қабылданды.

- Азия чемпионатына алғаш рет Украина да қатыспақ. Бұл Азия чемпионатында тіркелген алғашқы жайт болса да, Еуропа чемпионатына өзге құрлықтан Израиль, Египеттің де қатысқан сәттері болған.

Азия чемпионатында ең көп алтын жүлде алған ТОП-3 мемлекет:

Ескерту: 2019 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің жүлдесі бірге есептеледі.

Оңтүстік Корея – 86 (1992 жылға дейін 76 алтын алған);

Қазақстан – 56 алтын;

Өзбекстан – 55 алтын.

Қазақстан сапынан ерлер 13 салмақта жүлдеге таласады.

Қазіргі құрамның арасында Азия чемпионы атанып қойғандар:

- 48 келі. Санжар Тәшкенбай (2022 жыл);

- +92 келі. Айбек Оралбай (2022 жыл).

Қазақстан сапынан 4 бірдей әлем чемпионы бақ сынайды:

48 келі. Санжар Тәшкенбай;

51 келі. Сәкен Бибосынов (Азия чемпионатында 2021 жылы – қола, 2022 жылы – күміс медаль алған);

54 келі. Махмұд Сабырхан (Азия чемпионатында 2022 жылы күміс медаль алған);

86 келі. Бекзад Нұрдәулетов (2019 жылы әлем чемпионы атанып, Токио Олимпиадасына қатысса да, бірінші мәрте Азия чемпионатына барады).

Азия чемпионатына алғаш рет баратын отандастарымыз:

57 келі. Оразбек Асылқұлов;

60 келі. Бейбарыс Жексен;

63,5 келі. Мұхаммедсабыр Базарбайұлы;

75 келі. Диас Молжігітов;

80 келі. Ерасыл Жақпеков;

86 келі. Бекзад Нұрдәулетов.

«Ұлттық құраманың бас бапкері 71 келіде бабында деген боксшыны апаруды жөн деп шешті. Сенім артып, ұлттық құрамаға қайта қабылдағаны үшін рақметімді айтамын. Негізгі бәсекелерге біршама жыл қатыспағандықтан, Азия құрлығындағы қарсыластарым жайлы айта алмаймын. Жеребе тарту рәсімінен кейін әр қарсыласты зерттейтін боламыз. Ал Лос-Анджелес Олимпиадасы жайлы айтуға әлі ерте. Дәл қазіргі сәтте өз салмағымда бәсекелестік өте күшті. Жастар құрамасынан қосылатын талантты спортшылар да бар», - деді әлем чемпионатында 3 мәрте қола жүлде алып, 2 Олимпиадаға қатысқан тәжірибелі Абылайхан Жүсіпов.

Айта кетейік, ұлттық құраманың спортшылары ертең Таиланд корольдігіне аттанады.