Шоу-бизнес

«Казиноның есігін жабыңдар!»: Белгілі әнші құмар ойынға қанша ақша құртқанын айтты

«Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов журналист Әйгерім Сейфоллаға берген сұхбатында құмар ойынға қанша қаражат тіккенін жайып салды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Үйде 45 мың доллар жинадым»

«Бір жарым жылдың ішінде күл-талқаным шығып кетті. Өткенде отырып есептесем, 500 мың доллардай кетіп қалыпты. Оның ішіне бүкіл қарыз бен берген дүние-мүлкім –  бәрін қосыңыз. Ал мен өзім үйде 45 мың доллардай жинаған адаммын ғой. Құмар ойынның адамға тигізетін залалы көп. Қаншама адамдармен әңгімелестім. Бірі отбасынан айырылған, бірі кәсібін тастаған. Қолдағы барын бағаламаған. Солардың әңгімесі маған әсер етті», – дейді ол.

Сондай-ақ әнші өзін құмар ойыннан тоқтатудың түрлі жолдарын қарастырғанын, алайда одан бірден үзілді-кесілді бас тартпағанын айтады. 

«Өнеріме көңіл бөле бастадым»

«Қонаев қаласындағы тізіліп тұрған бүкіл ғимараттардың бәріне кіріп, әкімшілерін шақырып: «Маған келесі келген кезде кіре алмайтындай етіп есікті жабыңыздар», – деп өтініп, аралап шықтым. Олар есігін жапты ма, жоқ па – білмеймін, бірақ санамның есігін осы әрекетіммен ақырындап жаптым. Кейін ақырындап өнеріме көңіл бөле бастадым. Өмірді жақсы көретін, кәсіппен айналысатын, үнемі оқып, білім іздейтін адамдардың ортасында жүруге талпындым», – дейді Бағлан Әбдірайымов.

Еске салсақ, бұған дейін әнші қазіргі қоғамда бақытты болудың құпиясы мен баюдың жолын нақты айтып жүрген адамдардың көбейіп кеткенін мәлімдеген болатын.