Бейжің сапары: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин кездесуі мемлекеттер арасындағы алтын дәуірге жол ашты
Қазақстан көшбасшысы Қытай астанасына 3 ақпан күні ұшып келді. Мемлекет басшысын әуежайдан ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэй күтіп алды. Айтпақшы, Қытайдың осы жоғары лауазымды дипломаты өткен Жаңа жыл қарсаңында – 30 желтоқсанда Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған. Сол кезде ол Қысқы Олимпиаданың ашылу рәсіміне Қытай Төрағасының шақыруын табыстады. Президенттің айтуынша, олар бір-бірін шамамен 40 жылдан бері біледі. Екі құрдас өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Бейжіңде өте жақын араласқан, – деді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Оның айтуынша, Қазақстан делегациясы Бейжіңнің батыс бөлігінде орналасқан «Дяоюйтай» мемлекеттік резиденциясына орналасты. Бұл резиденцияның 800 жылдан астам тарихы бар. Бұрын бұл тарихи әрі көрікті жер Қытай императорларының демалысы үшін арнап салынған сарай болған. Цзинь әулетінің билігі кезінде император Чжанцзун мұнда балық аулайтын платформа салдырған. Резиденция атауы қытай тілінен аударғанда «балық аулауға арналған террасса» дегенді білдіреді. Содан бері резиденцияға «императорша балық аулау» атауы бекіп қалған.
Осы ретте бір нәрсені айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек «Дяоюйтай» резиденциясында ауқымды іс-шара күндері Ресей Президенті Владимир Путин мен Пәкістан Премьер-Министрі Имран Хан ғана тоқтады, ал өзге делегациялар қонақүйлерге орналастырылды. Әрине, бұл Қытай тарапының Қазақстан басшысына, жалпы біздің елге деген ерекше құрметін, айрықша көзқарасын білдіреді, – деді Б. Уәли.
Сондай-ақ ол әлемде кең тараған коронавирус індетіне байланысты Қытай астанасында да шектеу шаралары күшейгенін айтты.
Бүкіл әлемде өршіп тұрған коронавирустың жаңа «Омикрон» штамы жағдайында Қытай билігі бұрын-соңды болмаған шектеу шараларын енгізді. Бұл хаттамалық шараларға да өзінің әсерін тигізді. Мысалы, белгіленген тәртіпке сәйкес Президенттің шетелдік сапарларын дайындау кезінде Мемлекеттік күзет қызметінің, Президенттің баспасөз қызметі мен Протоколының, сондай-ақ Президенттің Іс басқармасының бірнеше қызметкерінен тұратын алдын ала баратын топ құрылады. Сол алдын ала баратын топ Мемлекет басшысының Бейжіңге баруына біржарым күн қалғанда жетті. Осындай қысқа мерзімге қарамастан, аталған жұмыс тобы ҚХР СІМ жауапты қызметкерлерімен, күзет қызметімен бірлесе отырып, сапардың барлық хаттамалық мәселесін толығымен шеше алды. Біздің делегацияға қытайлық ұйымдастырушылар тарапынан ерекше қонақжайлылық көрсетілді, – деді Президенттің баспасөз хатшысы.
Сапар барысында екіжақты келіссөз жүргізіліп, Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді қыркүйек айында елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Мемлекеттер басшылары екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаратын нәтижелі келіссөз жүргізді. Қытай Төрағасы атап өткендей, бұл кездесу мемлекеттер арасындағы алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне жол ашты. Достық әрі өзара түсіністікке негізделген кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Қытай басшысы осы жылдың қыркүйек айында қазақ халқының қонақжайлылығына куә болады деген үміттемін, – деді ол.
Сонымен қатар Қазақстан Президентінің жұмыс сапары ҚХР Төрағасының Олимпиаданың ашылу салтанатына келген делегациялар басшыларына арналған ресми қабылдауымен аяқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы қабылдау барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, ДДСҰ Бас директорымен, сондай-ақ Польша, Сингапур, Қатар, Пәкістан және Орталық Азия елдерінің басшыларымен әңгімелесті. Олар Мемлекет басшысының «қасіретті қаңтар» кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдаған шешімдеріне қолдау білдірді, – деді Берік Уәли.