Оқиға

«Заң аясында шешілуі тиіс»: Respublica партиясы Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады

Respublica партиясы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға байланысты ресми ұстанымын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Respublica партиясы орын алған оқиғаға байланысты өкініш білдіреді және партияласымыз Руслан Арысбекұлы Берденовке тез арада сауығып кетуін тілейді.

Оқиғаның мән-жайына қатысты біз де барша жұртшылық сияқты құзырлы органдардың ресми түсініктемесін күтеміз. Тергеу барысына араласу ретінде қабылдануы мүмкін кез келген алдын ала пікір білдіруден біз аулақпыз.

Біз тергеу мен сот процестері әділ де объективті өтетініне сенімдіміз.

Respublica партиясы кез келген даулы жағдай заң аясында шешілуі тиіс деп есептейді. Қандай да бір күш көрсету — мүлде біз үшін жат», - делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс оқиғасы орын алды. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. 

«Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады», - деп жазылған ПД хабарламасында.

Оқ жарақатын алған Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке ота жасалды.

«Операция барысында қан кету тоқтатылды, жарақаттанудан болған зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ. Пациенттің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында және барлық қажетті медициналық көмекті алуда», - делінген қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ұсынған хабарламада.