«Төрт әйелі бар имамның үйі» деген ақпаратты таратқан адам жазаланды
«Астана имамының зәулім үйі» туралы ақпарат таратқан ер адам айыппұл арқалады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде жала жапқаны үшін Б.-ға қатысты істі қарады (ӘҚБтК 73-3-бабының 2-бөлігі).
Сот мәліметінше, құқықбұзушы әлеуметтік желілерге зәулім үй көрсетілген видео жариялап, ол зәулім үйдің халықтың қайырымдылыққа берген қаражатына салынғанын, оның Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін айтып, сол арқылы әлеуметтік желілерде ар-намыс пен қадір-қасиетке және басқа адамның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратқаны анықталған.
Сот отырысы барысында құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, үйдің кімге тиесілі екенін, оның қандай қаражатқа салынғаны белгісіз екенін түсіндірді, видеоны тек көру үшін жариялағанын айтып, өкініш білдірді.
Кінәлі әлеуметтік желілерде жәбірленушінің абыройы мен қадір-қасиетіне және беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандықтан, жәбірленуші сотта оны заң бойынша жазалауды сұрады, - делінген хабарламада.
Құқықбұзушылық іс материалдарымен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен және жәбірленушінің арызымен расталған.
Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 180 АЕК (707 760 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода бейтаныс ер адам аспазды алып келгенін айтып, зәулім сарай Астананың бас имамына тиесілі екенін айтқан еді. Алайда кейінінен қазақ елінен кешірім сұраған болатын.