Оқ жарақатын алған Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке ота жасалды
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов оқ жарақатымен қалалық ауруханаға түсті. Оған шұғыл ота жасалды, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
«Операция барысында қан кету тоқтатылды, жарақаттанудан болған зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ.
Пациенттің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында және барлық қажетті медициналық көмекті алуда», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс оқиғасы орын алды. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
«Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады», - деп жазылған ПД хабарламасында.