Оқиға

Ақтөбедегі жол апаты: ауыр жарақат алған бір адам Астанаға жеткізілді

Ақтөбе облысында болған жантүршігерлік жол апатында ауыр жарақат алған бір адам санитариялық авиация бортымен елордаға жеткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан ТЖМ «Қазавиақұтқару» ұшағы Ақтөбе-Астана бағыты бойынша санитариялық рейс жасады. Олар Самара – Шымкент тас жолында болған жол апатында жарақат алған 50 жастағы адамды елордаға жеткізді.

«Науқастың жағдайы ауыр болғандықтан, оны шұғыл түрде Астанаға тасымалдау қажет болды. Ұшақ медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, бортта дәрігерлер үздіксіз бақылау жүргізді», - делінген хабарламада.

ТЖМ экипажы мен медициналық бригада көмегімен науқас қауіпсіз және жылдам жеткізілді. Ер адам елордалық мамандардың бақылауымен емін жалғастырады.

Естеріңізге сала кетейік, 23 қазанда Самара – Шымкент автожолында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен «ГАЗель» жолаушылар көлігі соқтығысып, салдарынан 12 адам қаза тапты.

Жол апатынан зардап шеккен тағы бес адам медициналық мекемеге жеткізілген.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.

Кейін Ақтөбе облысында болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылғанын хабарлаған едік. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев комиссия мүшелеріне зардап шеккендерді Астанаға жеткізуді тапсырды.