«Құнды қазынаға толы»: Кәрімбек Құрманәлиев «Астана ақшамы» газеті туралы пікір білдірді
Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлиев «Астана ақшамы» газетінің 35 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ақпарат таратудың жаңа тәсілдерін енгізіп, өзіне қалың оқырман қауымды тарту жолын таңдаған газет бұл күндері еліміздің ақпарат айдынында өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан бұқаралық ақпарат құралдарының біріне айналып отырғаны анық. Қала жұртшылығына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан басылымның оқырманға берері мол. Өйткені «Астана ақшамы» газеті ақпараттың қайнар көзіне айналып, оқырманына тәрбиелік-тағылымдық құндылықтарға терең тамыр жіберген құнды қазынаға толы материалдар ұсынуда. Оны көзі қарақты оқырман газеттің әрбір жаңа шығарылымында жарияланған мақалалардан аңғарып келеді. Қол жеткен жетістіктерді ғана көрсетіп қоймай, қала тіршілігінде орын алған кейбір кемшіліктерге сыни көзбен қарай отырып, тың тақырыптарды қаузап, оқырманмен кері байланыс орнатып, олардың ой-пікірін жиі жариялап отырады», - деді Кәрімбек Құрманәлиев «Астана ақшамы» газетіне.

Басылымның қоғамды толғандырған мәселелерді қаузайтынын тілге тиек еткен академик газет журналистерінің кәсіби шеберлігін жоғары бағалады.
«Оқырманына зиялы қауым өкілдерінің, ғибратты ғалымдардың, белгілі қоғам қайраткерлерінің, көрнекті ақын-жазушылардың сүбелі сұхбаттарын, қоғамды толғандырған түрлі ой-толғамын ұсыну газеттің айнымас дәстүріне айналғаны көңіл қуантады. Толғауы терең тақырыптар таңдап, айтары бар айдар ашып, құнды да қымбат дүниелер жариялау Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ журналистикасы жолбасшыларының бірі Еркін Қыдыр жетекшілік ететін газеттің жүйрік журналистерінің білім-білігінің көрсеткіші деп бағалаймын. Мерейтой құтты болсын, әріптестер!» – деді ол.
«Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің жарық көре бастағанына биылғы қазанда 35 жыл толды. Басылымның алғашқы саны 1990 жылы 13 қазан күні сол кездегі Целиноград қаласында «Ақмола ақиқаты» деген атпен жарық көрген. Бастапқыда аптасына бір рет шыққан басылым 1998 жылдың қаңтарында «Ақмола ақшамы», сәл кейінірек «Астана ақшамы» атанып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды.
Бұған дейін Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің «Астана ақшамы» газетінде көтерілген тіл саясаты, ономастика, архив ісі, тұлғатану, көрнекі ақпарат саласына қатысты мәселелерді оң шешуге күш салатыны туралы жазған едік.