Щучинск қаласындағы құтқару операциясы сәтті аяқталды

Щучинск қаласындағы құтқару операциясы сәтті аяқталды
Фото: видеодан скрин/qr_tjm

Щучинск қаласында құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында төтенше жағдайдың алды алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

112 кезекші қызметіне тұрғын үй пәтеріне кіре алмай қалған әйелден дабыл хабарлама келіп түскен. Оның айтуынша, пәтер ішінде бес жасар бала мен зейнеткер қалып қойған. Ашық тұрған балкон жағдайды күрделендіріп, әсіресе бала үшін үлкен қауіп төндірген.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар альпинистік құрал-жабдықтарды пайдаланып, үшінші қабаттағы пәтерге балкон арқылы кірді. Кейін іштен есікті ашып, пәтерде қалып қойған адамдарды сыртқа шығарды.

Құтқарушылардың үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде 1956 жылы туған зейнеткер мен 2020 жылы туған бала аман-есен құтқарылды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.

Бұған дейін Қызылордада құтқарушылар ер адамның саусағынан сақинаны шығарып алып бергенін жазған едік.