Қазақстандық жас математиктер Балқан олимпиадасында әлемнің үздік бестігіне енді
Қазақстанның жас математиктері халықаралық білім додасында тағы бір мәрте ел абыройын асқақтатты. Румынияның Бузэу қаласында өткен Жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасында (Junior Balkan Mathematical Olympiad, JBMO) ұлттық құрама жоғары нәтиже көрсетіп, әлемнің ең мықты командаларының қатарынан көрінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
15-20 маусым аралығында ұйымдастырылған беделді жарысқа 23 мемлекеттен 140-қа жуық дарынды оқушы қатысты. Қазақстан құрамасының сапында бақ сынаған алты оқушының барлығы жүлдегер атанып, қоржынымызға 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль салды.
Командалық есепте қазақстандық жас математиктер олимпиадалық дәстүрі қалыптасқан Румыния, Болгария және Франция құрамаларынан кейінгі төртінші орынды иеленіп, әлемдік деңгейдегі бәсекеде өздерінің жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Алтын медальдарды Алматы қаласындағы Nurorda мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Айсұлтан Омар мен Маңғыстау облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Сұлтан Төребек жеңіп алды.
Күміс жүлдеге Алматы қаласындағы NIS-тің 9-сынып оқушысы Арнұр Кәрібай және РФММ-нің 9-сынып оқушысы Темір Оразбек ие болды.
Ал қола медальдарды Түркістан облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ілияс Дінмұхамедұлы мен Павлодар қаласындағы №8 лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Әлихан Құрақбаев қанжығасына байлады.
Ұлттық құраманың халықаралық олимпиадаға қатысуын халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Марат Нысанбаев пен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының маманы Перизат Сауытбекова үйлестірді.
Жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасы – 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған халықаралық деңгейдегі беделді математикалық жарыстардың бірі. Қазақстан бұл білім бәйгесіне 2004 жылдан бері тұрақты қатысады және жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.