Референдум-2026

Қазақстандық студенттер енді Seoul Cyber University дипломына ие бола алады

Бүгін, 14:24
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстандық студенттер енді Seoul Cyber University дипломына ие бола алады
фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Seoul Cyber University (SCU) барды. Кездесу барысында Қазақстан мен Корея Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, білім беру саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ қос диплом беруге бағытталған бірлескен бағдарламаларды іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Seoul Cyber University-дің Q University, AHEU және MNU университеттерімен серіктестігіне ерекше назар аударылды.

Қазіргі уақытта SCU мен Қазақстанның үш университеті арасында жоғары білім беру саласындағы бірлескен жобалар жүзеге асырылады. Seoul Cyber University студенттердің екі университетте білім алуын көздейтін 1+2+1 форматындағы қос диплом бағдарламаларын дамытып жатыр. Бұл бағдарламаларды 2026-2027 жылдары іске қосу және одан әрі кеңейту жоспарланған.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – Q University-мен «Computer Science» (6В06102) білім беру бағдарламасы бойынша қос диплом бағдарламасын іске асыру болып отыр. Аталған бағдарлама бойынша Q University-ге студенттерді қабылдау 2026 жылғы 20 маусымда басталып, 25 тамызға дейін жалғасады.

Ынтымақтастықты дамытудың негізі 2025 жылғы қыркүйекте Q University мен Seoul Cyber University арасында жасалған өзара түсіністік туралы меморандум болды. Құжатқа Сеул қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі және Seoul Cyber University президентінің қатысуымен өткен кездесу аясында қол қойылды.

Меморандум екі университеттің жоғары білім беру саласындағы стратегиялық серіктестігінің және Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы академиялық байланыстарды дамытудың негізін қалады. Келісім аясында бакалавриат деңгейінде «Computer Science» бағыты бойынша бірлескен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама студенттерге екі университеттің академиялық ортасында білім алуға, халықаралық тәжірибесін кеңейтуге және цифрлық технологиялар саласында сұранысқа ие кәсіби құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.

«Бағдарлама студенттерге халықаралық білім беру тәжірибесін меңгеруге, екі университеттің академиялық ресурстарына қол жеткізуге, сондай-ақ Q University мен Seoul Cyber University дипломдарын алуға мүмкіндік беру мақсатында әзірленген», - делінген хабарламада. 

Білім беру 1+2+1 моделі бойынша ұйымдастырылады: студенттер бірінші және төртінші курстарда Q University-де, екінші және үшінші курстарда Seoul Cyber University-де білім алады. Мұндай модель студенттерге екі түрлі академиялық ортада білім алып, халықаралық тәжірибесін кеңейтуге, кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және жаһандық цифрлық экономикада жұмыс істеуге дайындалуға мүмкіндік береді.