Елімізде 1 миллионнан астам адам жасанды интеллект негіздерін оқыды - Премьер-министр
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министрге Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды дамыту жөніндегі шараларға қатысты сұрақтар қойылды.
Олжас Бектенов елімізде ары қарай цифрлық трансформация үшін заманауи нормативтік негіз құрылғанын, сондай-ақ бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Өте маңызды мәселе мамандарды даярлау. Өздеріңізге белгілі AI Sana бағдарламасы шеңберінде 1 млн-нан астам адам осы ЖИ-мен жұмыс жасау негіздерін үйренді. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды ары қарай да жалғастырамыз. Мектептерде, ЖОО-ларда бұл өте маңызды мәселе», - деді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, Олжас Бектенов IT-қызметтердің экспорты бір жылда 60%-ға өсіп, $1,1 млрд-тан асқанын айтты.