Музыкалық жас көрермен театры жетінші маусымын бастады
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры жетінші маусымының шымылдығын түрді. Биыл театр репертуарын жаңа қойылымдармен толықтырып, көрерменге түрлі жанр мен мазмұндағы спектакльдерді ұсынуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Жетінші маусымның шымылдығын театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров ашып, ұжым үшін жаңа кезеңнің басталуымен құттықтады. Ол театрдың осы уақытқа дейінгі шығармашылық жолына тоқталып, тарихымен таныстырды.
«Бүгін жетінші маусымның шымылдығын ашып жатырмыз. Расында, осыдан алты жыл бұрын жетінші маусымға келеміз деп ойламаған едік. Уақыт жүйрік екен. Осы жылдар ішінде театрымыздың репертуарында 30-дан астам қойылым жинақталды. Қазақта жеті деген санды ерекше қасиет, кие тұтады. Сондықтан жетінші маусымда театрымызда қадір-қасиеті мол, ерекше мазмұны мен сипаты келіскен, көркемдік ізденістерге толы қойылымдар болады деп сенемін. Біздің театр 2020 жылғы 14 желтоқсанда Мұхтар Әуезовтің «Абай–Тоғжан» қойылымымен ашылған болатын. Күні кеше ғана қазақтың ақыны, ойшылы ұлы Абайдың туған күніне орай Абай күні аталып өтті. Биыл – Абайдың туғанына 181 жыл. Біз Абай атамыздың 175 жылдығында арнайы ашылған болатынбыз. Сондықтан «Абай–Тоғжан» біздің төлқұжатымыз. Бұл қойылымның театрымыз үшін орны ерекше», – деді қойылым режиссері, театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Театр ұжымы биылғы маусымның алғашқы қойылымы ретінде «Абай–Тоғжан» спектаклі көрерменге тарту етті. Қойылымның театр репертуарында өзіндік орны бар. Сонымен қатар жаңа маусым барысында көрерменге «Гауһартас», «Қош бол, Гүлсары» секілді қойылымдар ұсынылып, жаңа туындылар мен премьералар сахналанбақ.
«Абай–Тоғжан» көрерменнің ықыласына бөленген, театр репертуарындағы маңызды қойылымдардың бірі. Жаңа маусымда да көрермендерді осы спектакльмен қайта қауыштыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар репертуарымызда «Гауһартас», «Қош бол, Гүлсары» секілді қойылымдар бар. Бұдан бөлек, көрерменге ұсынатын жаңа туындыларымыз бен бірнеше премьера дайындалып жатыр.
Жалпы, жаңа маусымның басталуы біз үшін үлкен мереке. Ұжым үшін бұл шығармашылық жұмыстың жаңа кезеңі. Демалыстан кейін әр әртіс сахнаға жаңа күшпен, тың оймен, ерекше шабытпен оралады. Сондықтан жаңа маусымда көрерменге де жаңа әсер сыйлайтын дүниелер көп болады деп ойлаймын. Көрермендерімізді де сағындық. Театр мен көрерменнің арасындағы байланыс біз үшін өте маңызды. Сол себепті жаңа маусымда көрермендерімізбен қайта қауышып, жақсы қойылымдарымызды ұсынуға қуаныштымыз. Алдағы уақытта тың дүниелер мен жаңа премьералар арқылы көрерменнің көңілінен шығуға тырысамыз», – деді Музыкалық жас көрермен театрының әртісі Асылхан Төлепов.

Театрдың басты бағыттарының бірі – көрерменге сапалы қойылым ұсынып қана қоймай, сахна арқылы қоғамдағы маңызды тақырыптарды көтеру. Әсіресе жас көрерменнің театрға қызығушылығын арттырып, оның эстетикалық талғамы мен дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ету маңызды.
«Осы театрда жұмыс істеп келе жатқаныма да жеті жыл болды. Бүгін «Абай–Тоғжан» қойылымымен жетінші маусымымыздың шымылдығын аштық. Сондықтан бұл маусым мен үшін ерекше әрі есте қаларлық болғалы тұр. Жаңа маусымның жылы әрі жақсы жаңалықтарға толы болатынына сенемін.
«Тоғжан» – менің шығармашылық жолымда ерекше орны бар рөл. Себебі бұл – театрдағы алғашқы рөлім. Менің осы сахнадағы тұсауымды кескен де осы Тоғжан бейнесі. Сондықтан бұл кейіпкерге деген ықыласым ерекше. Жылдар өткен сайын осы рөлге деген көзқарасым да өзгеріп, кейіпкердің болмысын әр қырынан ашуға тырысып келемін. Театрымыздың тарихы да «Абай–Тоғжан» қойылымымен байланысты. Театр алғаш ашылған кезде де шымылдығымызды осы қойылыммен түрген едік. Жетінші маусымның да осы спектакльмен ашылуы мен үшін символдық мәнге ие. Жаңа маусымда көрерменге түрлі тақырыптағы, ой салатын қойылымдар ұсынамыз деп ойлаймын. Театрдың басты міндеттерінің бірі – көрерменге жақсы көңіл күй сыйлау ғана емес, оның ойына қозғау салып, қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аударту. Әсіресе жастардың театрға келіп, қойылым арқылы өзіне қажетті ой түйгені маңызды. Біз сахнадағы әрбір образ, әрбір қойылым арқылы қоғамға пайдалы ой айтып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар бере білуіміз керек. Жаңа маусымда да көрерменнің көңілінен шығатын, жүрегіне жол табатын жақсы қойылымдарымыз көп болады деп сенемін», – деді Музыкалық жас көрермен театрының әртісі Жансұлу Төлеген.

Осылайша, Музыкалық жас көрермен театрының жетінші маусымы жаңа шығармашылық жоспарлар мен тың ізденістерге жол ашты. Алдағы уақытта көрерменді танымал қойылымдармен қатар, жаңа туындылар мен премьералар күтеді. Ендігі кезекте театр ұжымы жаңа рөлдер мен қойылымдар арқылы көрерменге ой салып, жетінші маусымды мазмұнды әрі есте қаларлық шығармашылық кезеңге айналдыруды көздейді.


