Мәди Такиев: Елімізде 198 мектеп және 655 денсаулық сақтау нысаны салынды
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қаржы министрі Мәди Такиев Ұлттық жобаларды жүзеге асыру нәтижесін баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Ұлттық жобалар аясында 198 мектептің және 655 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы аяқталды. 10 мыңнан астам студент үшін 30 жатақхана пайдалануға берілді. 7,5 мың колледж студенті, 23,6 мың жоғарғы оқу орындардың студент–магистранты мен докторанты жатақханамен қамтамасыз етілді», - деді министр.
Сондай-ақ ол 20 жоғары оқу орны базасында жасанды интеллект бойынша мамандар даярлау басталғанын және «Болашақ» бағдарламасы бойынша жеке квота енгізілгенін айтты. Ал Astana Hub экожүйесінде 2,2 мыңнан астам компания тіркелген.
Қаржы министрінің айтуынша, елімізде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 20,1 млн шаршы метрге жетті
Мәди Такиев еліміздің құрылыс секторының жылдық жұмысының қорытындысын жариялады.
«Барлық қаржыландыру көздері есебінен, 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5 141 тұрғын үй сатып алынды», - деді министр.