Елордадағы ірі сауда орталығында ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылды
Елордада «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен ұлттық мәдениетті ұлықтауға арналған «Ұлттық киім» шеруі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz телерадиокорпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«MEGA Silk Way» СОО орталығында өткен тағылымды іс-шара Наурызнама онкүндігі аясындағы Ұлттық киім күніне орай ұйымдастырылды.
Ұлттық киім – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан эстетикалық талғамын, дүниетанымын, болмыс-бітімін айшықтайтын асыл мұра. Киім үлгілеріндегі ою-өрнек, зергерлік әшекей, кесте мен бедер қазақ халқының рухани байлығы мен мәдени болмысынан сыр шертеді. Іс-шараның басты мақсаты – осы құндылықтарды кеңінен насихаттап, ұлттық киім үлгілерін заман талабына сай жаңғырту және оларды күнделікті сән кеңістігінде дәріптеу.

Мерекелік бағдарлама ұлттық және заманауи этно музыкамен басталып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Концерт барысында «Сарайшық» этноансамблі музыкалық попурри орындаса, мультиинструменталист Еділ Құсайынов этно әуендерімен кештің көркін аша түсті. Сондай-ақ дәстүрлі ән өнерінің өкілдері Айгүл Елшібаева мен Жазгүл Даңылбаева сахнада өнер көрсетті.
Кештің негізгі бөлігінде ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылды. Шеруге дизайнерлер, әншілер, «Qazaqstan» телеарнасының танымал жүргізушілері, сондай-ақ «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Үкілі кәмшат пен бүрмелі көйлек киген арулар, ақ кимешекті әжелер мен шапан жамылған жігіттерден құралған 230 адамдық топ сауда орталығын аралап, халық әндерін шырқады.
Елордадағы ең үлкен сауда ойын-сауық орталығында өткен шара барысында «Ұмай ана» коллекциясы, «Әдемі-ай», «Жарас» сән клубы, «Құралай», «Хан», «Назим», «Дәстүр», «Асах», «Қазақ ордасы» сынды сән орталықтарының ұлттық үлгідегі киімдері көпшілік назарына ұсынылды.