Өткір тақырыптарды көтеретін журналистер мен азаматтық белсенділерге қысым жасаудың кең тараған тәсілдерінің бірі – доксинг. Бұл адамның келісімінсіз оның жеке басына қатысты құпия мәліметтерді іздеп тауып, желіге жариялап жіберуді білдіреді. Аiel-qorgan жобасының сарапшылары мұндай шабуылдың алдын алу және деректер тарап кеткен жағдайда не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Доксингтің мақсаты мен қаупі қандай?
Доксинг кезінде қаскүнемдер көбіне адамның дербес деректерін – тұрғылықты мекенжайын, жеке телефон нөмірін, ЖСН мен құжат көшірмелерін, жұмыс орнын, балалары оқитын мектепті немесе жақындарының байланыс нөмірлерін көпшілікке жайып салады. Мұның негізгі мақсаты – адамның үрейін ұшырып, психологиялық тұрғыдан қысым жасау, соңына түсіп аңдуға жағдай туғызу немесе кәсіби қызметінен бас тартуға мәжбүрлеу.
«Доксингтің ең қауіпті тұсы – желідегі қоқан-лоққының шынайы өмірге ұласуы. Көп жағдайда шабуылдаушылар ақпаратты күрделі хакерлік жолмен емес, журналистің өз парақшаларында қалдырған іздері арқылы оп-оңай жинап алады. Сондықтан желіге бірдеңе жарияламас бұрын «бұл дерек ертең өзіме қарсы қолданылмай ма?» деп ойлану – басты қорғаныс», - дейді «Әйел Қорған» жобасының сарапшылары.
Желідегі қорғанысты қалай күшейтуге болады?
Сарапшылар қауіпсіздік үшін мынадай негізгі қадамдарды ұсынады:
• «Цифрлық ізді» тазарту. Google немесе Yandex іздеу жүйелеріне аты-жөніңізді, телефон нөміріңізді және бұрынғы ескі логиндеріңізді теріп, ашық дереккөздерде қандай мәлімет сақталғанын тексеріп шығыңыз. Ескі форумдарда, хабарландыру сайттарында немесе ұмыт қалған парақшаларда жеке ақпарат қалса, оларды барынша өшірген жөн.
• Құпиялылық баптауларын қатаңдату. Жеке парақшаларға үйдің ауласы, көлік нөмірі, балалардың мектебі немесе күнделікті баратын орындар көрініп қалатын фото-видеоларды салмаған дұрыс. Ал Telegram мен WhatsApp мессенджерлерінде телефон нөмірін бөгде адамдардан жасырып, бейтаныс нөмірлердің қоңырау шалуы мен түрлі топтарға қосуын шектеп қою қажет.
• Жұмыс пен жеке байланысты бөлу. Сұхбат алуға, түрлі сайттарға тіркелуге және ашық байланысқа арналған бөлек жұмыс нөмірі мен электрондық пошта ашып қойған абзал. Ал банктік қосымшалар, электрондық үкімет (eGov) және аккаунттарды қорғау кодтары еш жерде жарияланбайтын негізгі жеке нөмірге ғана байлануы тиіс.
Жеке деректер желіге тарап кетсе не істеу керек?
1. Айғақтарды жинау. Жазбаны өшіртпей тұрып, сілтеме жолағы мен уақыты анық көрінетіндей етіп экранды толық суретке (скриншот) түсіріп, парақша сілтемесін арнайы веб-архивтерде сақтап қойыңыз.
2. Шағым түсіру. Дәлелдер жиналған соң ғана әлеуметтік желі әкімшілігіне жеке деректердің заңсыз жарияланғаны туралы шағым жіберіңіз.
3. Көмекке жүгіну. Егер тікелей қорқыту не аңду белгілері байқалса, уақыт оздырмай редакция басшылығына, сенімді жақындарыңызға және құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Айта кетейік, aiel-qorgan.kz жобасын Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасы Елшілігінің қаржылық қолдауымен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры жүзеге асырады. Цифрлық гигиена мен желідегі қауіпсіздік туралы қосымша материалдарды жоба сайтынан оқуға болады.