Референдум-2026

«Бірінші орында – заң»: Ерлан Қарин тойдағы даулы уағызға пікір білдірді

Бүгін, 15:19
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Бірінші орында – заң»: Ерлан Қарин тойдағы даулы уағызға пікір білдірді
Фото: Ақорда

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойда тілек айту барысында ерсі уағыз айтып, қоғамда қызу талқыланған видеоға қатысты әлеуметтік желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ол өз жазбасында әйелдерді кемсіту, әншілер мен музыка өнеріне қатысты теріс пікір айту қазақ қоғамының болмысына да, ұлттық таным-түсінігіне де жат екенін атап өтті.

«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деп жазды Ерлан Қарин.

Ол сондай-ақ өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюды асыра сілтеушілік деп бағалап, Қазақстанның даму бағыты білімге, ғылымға, өнер мен мәдениетке негізделгенін айтты.

Ерлан Қариннің пікірінше, көпшілік алдында адамдарды алалау, өз көзқарасын өзгелерге күштеп таңу әдептілік қағидаттарына қайшы келеді.

«Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Сол себепті, ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет», – деді ол.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде той үстінде сөз сөйлеген ер адамның әйелдер, әншілер мен музыкаға қатысты айтқан пікірлері қоғамда кеңінен талқыланып, қызу пікірталас тудырған болатын.