Балалардың терезеден құлау қаупі: полиция үндеу жариялады
Полиция ата-аналарға бала қауіпсіздігіне қатысты маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, көктем мен жаз мезгілдерінде балалардың терезеден құлап кету жағдайлары жиілейді. Осыған байланысты ата-аналарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Мамандар үйде кішкентай бала болған жағдайда терезені толық ашық қалдырмауға кеңес береді.
Бөлмені желдету кезінде қауіпсіздік режимін пайдаланып, терезенің тек жоғары бөлігін ашу қажет. Сондай-ақ жиһазды терезе маңына қоймау маңызды. Себебі балалар орындық, диван немесе үстел арқылы терезеге шығып кетуі мүмкін, делінеді хабарламада.
Полиция масадан қорғайтын торлардың қауіпсіздік құралы еместігін де атап өтті. Олар баланың салмағын көтере алмайды және қайғылы жағдайға себеп болуы ықтимал.
Осыған байланысты тұрғындарға терезелерге арнайы қорғаныс құлыптарын орнату және балаларды ешқашан қараусыз қалдырмау ұсынылды.
«Қарапайым сақтық шаралары бала өмірін сақтап қалуы мүмкін», – деп ескертті полиция өкілдері.