Баянауыл маңындағы дала өрті толық сөндірілді
«Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Далба бөлімшесі аумағына жақын жерде орын алған дала өрті толық сөндірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, өрттің мемлекеттік орман қоры аумағына өтуіне жол берілген жоқ.
Өрт іргелес дала алқабында тіркеліп, мемлекеттік орман қоры жерлеріне таралу қаупін тудырған. Хабарлама түскен сәттен бастап оқиға орнына «Баянауыл» МҰТП орман күзеті қызметінің күштері мен құралдары, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК, ТЖД бөлімшелері және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды. Өрт жағдайын бақылау және іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның ЕС-130 тікұшағы тартылды. Сонымен қатар, өртті сөндіру жұмыстарына ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағы қатысты.
Жедел әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде өрт дер кезінде оқшауланып, толық сөндірілді. Өрттің мемлекеттік орман қоры аумағына таралуына және материалдық шығын келтіруіне жол берілмеді.
Мамандар азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, табиғи аумақтарда от жақпауға және ашық отты пайдаланбауға шақырды.