Астанада жастардың Ұлттық пікірсайыс академиясы өтіп жатыр
Елордада 21-27 маусым күндері Debat Eli Academy ұлттық пікірсайыс академиясы өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство қолдауымен өтетін іс-шара Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ұйымдастырылады.
Елдің әр өңірінен өтінім берген 700 оқушының арасынан үздік шыққан 60 оқушы пікірсайыс өнерін меңгермек. Іріктеу кезеңі мотивациялық эссе жазу, шығармашылық тапсырмаларды орындау және әңгімелесуден тұрды.
Пікірсайыс өнері қазақ және ағылшын тілдерінде оқытылады. Академияның жаттықтырушылары қатарында ел чемпиондары мен дебат қозғалысының белгілі өкілдері бар. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанға Ирландиядан әлемдегі ең танымал пікірсайысшылардың бірі, Оксфорд мектептерінің дебат жаттықтырушысы Энди Куллинан арнайы келді.
«Академияның мақсаты – оқушылардың пікірсайыс дағдыларын жетілдіру, сыни ойлау қабілетін дамыту, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және өз ойын дәлелді жеткізе білуге үйрету. Оқу бағдарламасы теориялық дәрістер мен тәжірибелік пікірсайыс ойындарын қамтып, көшбасшылық қасиеттер мен қоғамдық белсенділікті дамытуға бағытталған», делінеді хабарламада.
Оқу қорытындысы бойынша Қазақстанның 20 өңірінен үздік қатысушылар іріктеліп, Академия құрамына қабылданады.
Айта кетейік, Ұлттық пікірсайыс академиясы биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қатысушылардың жатын орны, тамақтануы және оқуына қатысты барлық шығын ұйымдастырушылар есебінен қамтамасыз етіледі. Өткен Алдыңғы жылдары академиядан өткен жастар бүгінде дебат қозғалысының белсенді мүшелері болып, өңірлік, республикалық турнирлерде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.