Алатау аумағында арнайы салық нормаларының басымдығы енгізіледі

Алатау аумағында арнайы салық нормаларының басымдығы енгізіледі
Фото: Мәжіліс

Бірінші оқылымда мақұлданған конституциялық заң жобасы Алатаудың дербес, тұрақты және болжамды салық моделін қалыптастыруға негізделелген. Атап айтқанда, қала аумағында арнайы салық нормаларының басымдығы бекітіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2050 жылға дейін немесе қала бюджеті өзін-өзі толық қамтамасыз ету деңгейіне жеткенге дейін Алатау бюджетінің қаражатын республикалық және өзге де бюджеттерге алуға тыйым салынады.

Салықтық жеңілдіктер тек жаңа инвестициялық жобаларға ғана беріледі және олар жеңілдік шарттары мен инвесторлардың міндеттемелерін міндетті түрде жария етумен қатар жүреді. Мұндай тәсіл салық режимінің ашықтығын қамтамасыз етуге, оны экономикалық дамуға бағыттауға және бизнес тарапынан сенімді арттыруға бағытталған.

Заң жобасы Алатау қаласының жергілікті бюджетін және мемлекеттік қор бюджетін қамтитын шоғырландырылған бюджетін бекітеді. Бұл тұтас әрі үйлесімді қаржылық модель құруға мүмкіндік береді. Жергілікті бюджет ағымдағы және әлеуметтік міндеттемелерді қамтамасыз етуге бағытталса, мемлекеттік қор қаражаты инфрақұрылымды және ұзақ мерзімді даму жобаларын қаржыландыруға жұмсалады.

Сонымен қатар, Алатауда халықаралық стандарттарды қолдануға және ұлттық заңнамада қарастырылмаған жаңа қызмет түрлерін реттеуге мүмкіндік беретін инновациялық режим енгізіледі. Лицензияларды беру жеделдетілген тәртіппен жүзеге асырылады, сондай-ақ инновациялық бизнесті жүргізу үшін жеке шарт қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылады.