Header Banner

Ақмола облысында алтын өндіру фабрикасын салуға кедергі болған мәселе шешілді

17 қараша, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақмола облысында алтын өндіру фабрикасын салуға кедергі болған мәселе шешілді
Фото: Magnific.соm

Ақмола облысында халықаралық «Zijin Mining» компаниясының ірі инвестициялық жобасын іске асыруға кедергі келтірген мәселе шешілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Жоба аясында жылына 10 млн тонна кен өңдейтін алтын өндіру фабрикасын салу көзделген. Шетелдік инвестиция көлемі 600 млн АҚШ долларынан асады.

Жобаның іске асырылуы елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

«Ұзақ экологиялық рәсімдер дайындық жұмыстарын 2027 жылғы сәуірге дейін кейінге қалдырып, құрылыс мерзімдерінің созылуына әкелуі мүмкін еді.

Прокуратураның бастамасымен уәкілетті орган міндетті қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізбей, экологиялық бағалаудың оңайлатылған тәртібін қолдану туралы шешім қабылдады», - делінген хабарламада. 

Осылайша, экологиялық талаптар сақтала отырып, инвестицияларды игеру мерзімдеріне әсер еткен кедергі жойылды.

Еске салайық, бұған дейін Өскеменде заңсыз алтын өндіргендер сотталғаны туралы жаздық.